Елімізде шұғыл желілер қатарына 111 нөмірі қосылды. Бұған қоңырау шалу арқылы отбасындағы зорлық-зомбылық пен жасөспірімдерге буллинг мәселесін жеткізе аласыз, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ҚазАқпараттың жазуынша, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева және «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек үшжақты меморандумге қол қойды. Келісімге сәйкес, "111" нөмірі "101", "102" және "103" шұғыл нөмірлерімен қатар бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына айналып, әрбір азамат үшін тәулік бойы және тегін көмек береді.
Бұл нөмір отбасындағы зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелеріне арналған.
Жалпы, "111" – "Amanat" шұғыл қызметі партия бастамасымен осыдан үш жыл бұрын жүзеге асып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген жоба. Оның мақсаты тұрмыстық өткір мәселелердің алдын алу болатын. Осы уақыт аралығында жылдам желі 40 мыңнан астам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетті.