Енді Алматы облысының жолдарын камерасы бар патрульдік көліктер бақылайды. Осылайша полиция жол жүру ережесін бұзғандарды бірден тіркеп отырмақ, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Алматы облысындағы жол ережесін бақылауды қолға алған полиция жұмысын alataunews.kz жазды. Дерекке сүйенсек, полиция департаменті жол қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында 20 қызметтік көлікке арнайы құрылғы орнатқан.
“Аппараттық-бағдарламалық кешен фото және видео жазуға, көлік құралдарының жылдамдығын өлшеуге, көліктің мемлекеттік нөмірін тануға, жалпы көлік апатына әкелетін жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтауға арналған», – деп түсіндірді бұл жұмыс жоспарын Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.
Құрылғы жолдағы және тұрақтағы көліктердің нөмірін автоматты түрде таниды, алынған деректер Бас прокуратураның жанындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жіберіледі.