Елімізде жұбайының келісімінсіз несие бермеу туралы заңы қыркүйек айының 1-нен бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидасын бекітті. Құжат 19 маусымда мемлекет басшысы қол қойған кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту туралы заңды іске асыру үшін қабылданған болатын.
"Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) бекітілді", - деп жазылған хабарламада.
Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе МҚҰ клиенттің тіркелген некесінің болуы туралы ақпаратты Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және егер кредит сомасы белгіленген шектен асып кетсе, кредитор жұбайының (зайыбының) банктік қарыз немесе микрокредит беруге келісімін алуға міндетті. Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді.
Егер қарыз алушының жұбайы (зайыбы) кредитордың клиенті болған жағдайда, келісімді кредитордың мобильдік қосымшасы арқылы, өзге жағдайларда – клиенттің жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болса, "электронды үкіметтің" веб-порталы арқылы ресімдеуге болады. Түзету болашақта отбасының жалпы бюджетіне теріс әсер етуі мүмкін, ерлі-зайыптының біреуінің келісілмеген кредит алуын болдырмауға бағытталған.
Сондай-ақ заңда қарыз алушының жұбайының (зайыбының) келісімінсіз берілген қарызды кредит берушінің есептен шығару міндеті көзделеді.