Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды. Президент спортшыларды жүлделерімен құттықтады. Сондай-ақ жуырда Ризабек Айтмұхан еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы болғанын еске салды.
Бәсеке өте жоғары болған Азиада ойындарында ел құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль иеленді. Атлеттеріміз нысана көздеу, ескек есу, веложарыс, джиу-джитсу спортынан үздік шықты. Мемлекет басшысы каратэден жалпы командалық есепте бірінші орын алған Қазақстан құрамасын ерекше атап өтіп, осы спорт түрінен Азиадаға қатысқан 8 спортшының бәрі жеңіс тұғырына көтерілгеніне назар аударды.
“Қажырлы еңбек пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігердің арқасында әрқайсыңыз жоғары нәтижеге қол жеткіздіңіздер. Алайда еліміздің жалпы көрсеткіші өткен Олимпиада мен Азиада ойындарынан да өте жақсы болуы мүмкін еді. Мұны ашық айтуымыз керек. Бокс, ауыр атлетика, еркін және грек-рим күресі дәстүрлі түрде ел құрамасының қоржынына жүлде салып, айтарлықтай үлес қосатын. Жеңіл атлетика, спорттың командалық түрлері жанкүйерлерімізді көбірек қуанышқа бөлейтін. Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет”, – деді Президент.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласы әрдайым мемлекеттің назарында болатынын айтты. Жыл сайын спортты дамыту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, Президенттің пікірінше, еліміздің кәсіби спорттағы көрсеткіштері аса жоғары деңгейде емес.
“Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ең алдымен, кәсіби спорт түрлеріне бөлінетін қаражаттың қайтарымын түбегейлі арттыруға көңіл бөлген жөн. Өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес нақты спорт түрлеріне баса назар аударып, қаржыны негізсіз жұмсау тәжірибесін тоқтату қажет. Сонымен қатар бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамытуға көңіл бөле отырып, аталған саланы қаржыландыру моделін қайта қараған дұрыс.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында өткен жарыстардағы олқылықтардан нақты сабақ алып, алдағы Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Президент спортшыларға және бапкерлер корпусының жұмысына табыс тіледі. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар спортшыға Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау грамоталарын табыстады.