Елімізде кейінгі 15 жылда қант диабетімен ауыратындардың саны 45 есе өскен. Тіпті күн сайын осы диагнозбен 100-ге жуық науқас тіркелетін көрінеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Спутниктің жазуынша, бұл мәселеге мәжілісмендер алаңдаушылық білдірген. Депутаттар бұл жайттың қарқынын басу үшін құрамында қант мөлшері жоғары сусындарға қосымша салық енгізуді ұсынып отыр. Ал одан түскен қаражатты диабетпен ауыратындарға профилактика жүргізу үшін бағыттамақ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, диабетке тексерілгендердің көбінде нақты диагноз анықтала бермейді. Қазір азаматтардың одан өтуге құлшынысы жоқ. Қандағы қанттың жоғары екенін байқаса да, мамандарға кеш жүгініп жатады.
2030 жылға қарай еліміздегі азаматтар қант диабетіне көбірек шалдығуы мүмкін. Сарапшылар осындай болжам жасаған. Оған генетикалық факторларлардан бөлек, тағам мен сусындар құрамындағы қант мөлшерінің көптігі себеп. Мәжілісмендер: "семіздіктің ерте жастан пайда болуы да осыдан", – деп отыр. Жалпы қазір гемодиализге тәуелділердің тең жартысы – қант диабетіне шалдыққандар.
Дәрігерлер күнделікті мұндай диагнозы бар 5 науқастың аяғын кесуге мәжбүр. Биыл қант диабетімен ауыратындардың дәрі-дәрмегіне 40 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Құрамында қанты бар өнімдерге салық енгізу туралы шешімді әлемнің 65 елі қабылдап, жүзеге асырды. Ал біздің елдегі бұған қатысты талқылаулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.