Елімізде су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтардың несиесі 3 ай мерзімге шегеріледі, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ондағы дерекке сүйенсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 12 өңірдегі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасы шеңберінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарға, шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсету іс-шараларын жүзеге асырып жатыр. Аталған агенттікке қарасты Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Қайрат Тұрымтаев су тасқынынан зардап шеккендердің несиесін реттеу мәселесіне тоқталды.
“Жергілікті атқарушы органдардың тізімдеріне сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматтардың кредиттері бойынша төлемдер автоматты түрде 2024 жылғы 1 сәуір – 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге шегеріледі. Зардап шеккен азаматтардың кредиттері бойынша су тасқыны салдарының ықпалына байланысты туындаған, төлемдердің кешіктірілгені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар кейінге қалады. Зардап шеккен барлық жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ су тасқыны шаруашылық қызметтің бұзылуына әкеп соққан шағын және орта бизнес субъектілеріне олардың берген өтініштері ескеріле отырып, кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі”, – деді ол.
Банктер мен МҚҰ қарыз алушылардың мүлкі мен жеке шаруашылығына, табысы мен қаржылық жағдайына келтірілген зиянның әсерін бағалау үшін әрбір зардап шеккен қарыз алушының жағдайына жеке талдау жүргізбек. Соның негізінде кредиттер бойынша дербес қолдау көрсетудің қосымша шаралары айқындалады.