Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырымен Ресейдің табиғи газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы Ақорда жазды.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысымен қатар Ресей Президенті Владимир Путин және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл тарихи оқиға Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның энергетика саласындағы стратегиялық ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеретінін және елдер арасындағы тату көршілік қатынастар жылнамасының тағы бір жарқын бетін ашатынын атап өтті.
“Газ саласы мемлекеттеріміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуында зор рөл атқарады деуге болады. Сондықтан бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақтылы және толық аяқтады. Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағыттарын әртараптандырып, Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол елдеріміздің өнеркәсібін дамытуға, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді”, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының пікірінше, жоба Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде елеулі рөл атқарады
“Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында маңызды трансұлттық жобаны ілгерілетуге қосқан жеке үлесі үшін Владимир Путинге, сондай-ақ жан-жақты қолдау көрсеткен Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді. Әрі Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның газ саласындағы мамандарының бірлескен жұмысты кәсіби деңгейде әрі аса зор жауапкершілікпен атқарғанын атап өтті.
Сонымен қатар шарада Владимир Путин мен Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.