Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ тіліндегі телерадио хабарлары 70 пайызға артатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы министр орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Сөзіне сүйенсек, бүгінде БАҚ-та мемлекеттік тілде шығарылатын контенттің үлесі 80 пайыздан асқан. Осы орайда телерадио тілін де қазақшалау жоспарланып отыр.
“Масс-медиа” туралы заң жобасы аясында телерадиоарналарды мемлекеттік тілде тарату көлемін 50 пайыздан 70 пайызға арттыру ұсынылды. 1999 жылы қолданысқа енгізілген “БАҚ туралы” заңға сәйкес 50-де 50 еді. 25 жылға жуық уақыттан кейін елдегі трендтер мемлекеттік тіл мен отандық контентті дамыту бағытында өзгерді. Бүгінгі таңда БАҚ-та мемлекеттік тілде шығарылатын контенттің үлесі 80 пайыздан асты. Аталған факторларды ескере отырып, қазақ тіліндегі телерадио хабарларын 70 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Ал 2025 жылдан бастап жыл сайын мемлекеттік тілдегі контенттердің үлесін 5%-ға арттыру кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазір “Масс-медиа” туралы заң жобасын Мәжілістің жұмыс тобы, шетел сарапшыларды, Қазақстанның медиа қоғамдастығы және азаматтық қоғам өкілдері талқылап жатыр”, - деді министр.