БҰҰ Қазақстанға тәуелсіз бітімгершілік миссиясын орындауға мандат берді. Алғаш рет қол жеткізген құжаттың маңыздылығын Қорғаныс министрі Парламент қабырғасында баяндады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов БҰҰ Қазақстанға тәуелсіз бітімгершілік миссиясына мандат бергенін айтты. Әрі мұндай жағдайдың бірінші рет қол жеткізілгеніне тоқталды.
"Бүгін біз алғаш рет БҰҰ-ның бізге тәуелсіз миссия бергеніне қол жеткіздік, біз өз туымыздың астында орындауға барамыз. Біріншіден, бұл аумақтарды патрульдеу, коменданттық қызметті атқару, рота резервте болады. Біздің барлық қызметіміз лицензияланған”, - деді министр.
Жеке құрам қазірдің өзінде дайын және БҰҰ-ның оң бағасын алған. Қазақстандық әскерлердің негізгі міндеті – запаста болу, коменданттық қызметті атқару, қажет болған жағдайда миналарды тазарту және БҰҰ нысандарын қорғау.
Министр БҰҰ миссияларына қатысу үшін 430 адамға дейінгі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік контингентін (запастағы рота, штаб офицерлері, әскери бақылаушылар және мамандандырылған бөлімдер) жіберу туралы ұсыныс жасады:
- "Голан биіктеріндегі БҰҰ-ның бақылаушы күштері" (UNDOF, Сирия – Израиль);
- "БҰҰ бітімгершілікті қадағалау ұйымы" (UNTSO, Палестина – Израиль);
- "Оңтүстік Судан Республикасындағы БҰҰ Миссиясы" (UNMISS, Оңтүстік Судан);
- "Абьее үшін БҰҰ-ның уақытша қауіпсіздік күштері" (UNISFA, Судан).