Қазақстан шетелде оқитын студенттердің саны бойынша әлем елдері арасында 9-орынға ие болған. Бұл туралы Ұлттық инвесторлар қауымдастығы талдау жасапты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
ЮНЕСКО статистикалық институтының жаңартылған деректері бойынша әлемдегі ең халқы көп екі ел, яғни, Қытай мен Үндістан шетелде оқитын студенттері ең көп мемлекет болып шықты.
Мәселен, шетелде миллионнан астам (1,021 мың) қытай студенттері оқыса, үнді студенттерінің саны осы көрсеткіштің жартысына жуығын (508,2 мың) құрайды екен. Одан кейін Вьетнам (137 мың), Германия (126,4 мың) және Өзбекстан (109,9 мың) тізімді жалғап тұр. Ал Қазақстанның шетелде оқитын студенттерінің саны - 91,2 мың шамасында.
Алайда, егер шетелде оқитын студенттердің тиісті кезеңдегі халыққа ара қатынасын есептесек, онда Қазақстан 0,48% үлесі бар елдер арасында 1-ші орынды алады. Одан кейін Сирия (0,46%) және Өзбекстан (0,31%) жайғасқан. Шетелде оқитын студенттер саны бойынша салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштерге ие Қытай мен Үндістан, сонымен бірге студенттердің халық санына қатынасы бойынша көрсеткіштері төмен (Қытай 0,07%, Үндістан 0,04%).
Студенттер оқуды таңдаған елдерге келсек, бұл АҚШ (833 мың), одан кейін Ұлыбритания (601 мыңға жуық), Австралия (378 мыңға жуық), Германия (376 мыңнан астам) және Канада (318 мыңға жуық).