Елімізде шілденің 1-ші күнінен-ақ бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Бұл қатарда газ бен интернеттің, темекі құнының қымбаттауы, әрі несие беру ережелерінің өзгеруі бар, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Спутникке сілтеме жасап.
Газ қымбаттайды
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлық газдың орташа көтерме бағасы өседі. Қазақстанның энергетика министрлігінің мәліметінше, ресейлік бағаға жақындату үшін бағаны түзету қажет. Төмен баға газ өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын төмендететіндіктен және жер қойнауын пайдаланушылар еліміздегі газ саласының пайдасыздығына байланысты газ кен орындарын игеруге мүдделі емес.
Сондай-ақ, ішкі нарықта тауарлық газды көтерме негізде сатудың шекті бағасының өсуі өңірге байланысты 3-4,8 теңге/м3, ал республика бойынша орташа өсім 3 теңге/м3 болатынын түсіндірді (қазіргі орташа көтерме баға – 20,64 теңге/м3, енді 23,64 теңге/м3 болады).
Энергетика министрлігі сондай-ақ тауарлық газ бағасының көтерілуі тұтынушыларға аздап қана әсер ететінін айтты – орташа есеппен жеке үйге арналған шығындардың жыл сайынғы өсуі айына шамамен 1080 теңгені, пәтер үшін 130 теңгені құрайды.
Интернет бағасы қымбаттайды
"Қазақтелеком" 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтар үшін интернет құнын қымбаттатанын хабарлады. Сайтта жарияланған деректер бойынша, қымбаттау тек мұрағатталған желілерге әсер етеді – бұл бүгінде қосылу мүмкін емес 50-ден сәл астам тариф. Бірақ көптеген клиент қызметтерді ескірген бағамен пайдаланады, сондықтан қымбаттату енгізіліп отыр.
Темекі қайтадан қымбаттайды
Қазақстанда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап темекі тағы да қымбаттайды. Қаржы министрлігі фильтрі бар және фильтрсіз темекілердің, папиростардың, сигариллалардың және қыздырылған темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасына өзгерістер дайындады. Бұйрық жобасында фильтрі бар және фильтрсіз темекілердің, папиростардың, сигариллалардың және қыздырылған темекі өнімдерінің 20 (жиырма) данасына ең төменгі бөлшек сауда бағасын мынадай мөлшерде бекіту көзделген:
- 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанын қоса алғанда 820 теңге;
- 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап 870 теңге.
- 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекінің ең төменгі бағасы 770 теңге болды.
Несие рәсімдеу қиындай түседі
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген "Кредит берудегі тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру туралы" заңның бірқатар тармағы күшіне енеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ай басынан бастап азаматтардың несиелік жүктемесін азайту мақсатында төлем мерзімі 90 күннен асатын мерзімі өткен несиесі бар азаматтарға тұтынушылық несиелерді беруге тыйым салынғанын түсіндірді.
Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап өндіріп алушыларға мерзімі өткен несиелерді тағайындауға екі жылдық мораторий енгізіледі. Несиелері колекторларға бекітілген қарыз алушыларды қолдау үшін 2024 жылдың қазан айынан бастап коллекторларға берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізіледі. 20 тамыздан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына жаңадан ғана емес, сонымен қатар заң қабылданғанға дейін берілген барлық қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық несиелер бойынша кешіктіру мерзімі 90 күнді құраса, сыйақы белгілеуге тыйым салынады.
1 қыркүйектен бастап жеке тұлғаларға жұбайының келісімінсіз несие беруге тыйым салу тәртібі күшіне енеді.
Жеке деректерді қорғау туралы
Қазақстанда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның ІТ-нарығына қатысушылар үшін жаңа міндеттемелерді белгілейтін, сондай-ақ дербес деректердің иесіне оның құқықтарының бұзылғаны туралы хабарлама берудің міндетті тәртібін белгілейтін нормалар күшіне енеді.
Енді дербес деректер базасының иесі немесе операторы дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуын анықтаған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде жеке деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаны көрсете отырып, уәкілетті органды мұндай бұзушылық туралы хабардар етуге міндетті. Яғни, жеке деректердің таралуы немесе оған басқа да рұқсат етілмеген тараптар қолдануы анықталған жағдайда, оны сақтайтын, өңдейтін және жинайтын компания бір күн ішінде Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хабарлауға міндетті.
Дәрілерді міндетті таңбалау
2023 жылы Қазақстан Республикасы үкіметінің 21 қазандағы қаулысымен таңбалануға жататын тауарлар тізбесіне өзгерістер енгізілді. Онда 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық дәрілік заттар міндетті түрде таңбалануға жатады деп көрсетілген.
Бұл механизм дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға және сатып алуды жоспарлауға, сондай-ақ науқастарды толық және сенімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қалыптастыруға көмектеседі, деп санайды ведомстводағылар.
Таңбалау жүйесіне дәрілік заттардың айналымына қатысушылардың барлығы кіреді. Кеденге келгеннен түпкілікті алушыға жеткізуге дейін қажетті ақпараттық жүйелер біріктірілген.
Қазақстанда балық аулауға шектеу енгізілді
Ауыл шаруашылығы министрлігі "2024 жылдың 1 шілдесінен 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауға шектеулерді бекіту туралы" бұйрық дайындады.
Балық аулау лимиттері (атауы бойынша) Қазақстанның барлық өзені мен су қоймасы үшін бекітілген. Мысалы, Қиғаш өзені мен Каспий теңізі кіретін Жайық-Каспий бассейнінде 50 496,72 тонна балық, оның ішінде 4,63 тонна бекіре тұқымдас балық аулауға рұқсат етілген. Балқаш көлінде (үш облыс шегінде: Алматы, Қарағанды, Жамбыл) 8855 тонна балық аулауға рұқсат етілген. Ол жақта негізінен ақтабан, көксерке, ақбалық, торта балық, сазан, мөңке, жыланбас балық бар. Іле өзені мен оған іргелес суаттарда балық көлемі 135,59 тонна деп белгіленген. Алакөл, Қошқаркөл және Сасықкөл көлдерін қамтитын Алакөл көлдер жүйесінде 568,7 тонна балық аулауға болады. Қапшағай су қоймасында балық аулау шегі 1350,6 тонна деп белгіленген.