Елдегі 10 өңірде су басу қаупі жоғары. Мұндай мәліметті төтенше жағдайлар министрлігі жазды, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Ведомства дерегіне сүйенсек, қауіпсіздік бағытында мақсатты жұмыстар жүйелі атқарылуда. Халықты құлақтандыру жұмысы пысықталып, зардап шеккен азаматтарды жинау пункттері дайындалған. 

Десе де министрі Шыңғыс Әрінов көктемгі су тасқыны кезеңінде су басу қаупі төніп тұрған өңірлерді атап кетті. Оның айтуынша, қазір елімізде ағымдағы су тасқыны жағдайы біршама тұрақталған. Синоптиктердің болжамынша, ақпан және наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде мол жауын-шашын түсуі мүмкін.

"Осыған байланысты, 10 өңірдің елді мекендерін су басу қаупі бар. Атап айтқанда, тау суының ағыны салдарынан: Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары; қардың жылдам еруіне байланысты: Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай өңірлері", - деді министр.

Төтенше жағдайлар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша қажетті іс-шаралар кешенін өткізген. "Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді.

Сонымен қатар елді мекендерде уақытша бөгендер салу және үйемелеу (114 км), арықтарды, каналдарды (1 904 км), сондай-ақ авто және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын тазарту (5 002 дана) нақты түрде жүзеге асырылған. Елді мекендерден 10,5 миллион текше метрден астам қар шығарылыпты.