Елімізде есім сойы не тегі өзіне ұнамайтын немесе қиын айтылып, жазылатын азаматтар өз аты-жөнін өзгерте ала ма? Жалпы қазақстандықтар қандай жағдайда мұндай қадамға бара алады? "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" осы сауалдарға кеңінен жауап берген, деп хабарлайды Алатау телеарнасы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Кез-келген азамат өз аты-жөнін өзгерткісі келсе міндетті түрде ХҚКО-ға жүгіну қажет. Әрі бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсету үшін мәліметтерді өзгертуге нақты, дәлелді себептер болуы қажет.
Аты-жөнін өзгертуге рұқсат етілетін бірнеше себеп бар. Олар былай тізбектелген:
- аты, әкесінің аты, тегінің оғаш естілуі;
- атын, әкесінің атын, тегін айтуда қиындықтар туындауы;
- егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегі қалса немесе некені мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайының тілегі;
- бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
- егер некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
- өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-анасының әр түрлі ұлты кезінде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
- жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
- құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
- жұбайы қайтыс болған жағдайда және егер өтініш беруші некеге дейінгі тегінде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
- ұлттық дәстүр бойынша әкесінің немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
- егер некеге отырған кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
- өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
- жынысы хирургиялық жолмен өзгерген кезде таңдалған жынысқа сәйкес келетін есімді, әкесінің атын, тегін алғысы келуі.
"Қандай да бір өзгерістер болған жағдайда жаңа құжаттарды дайындауға өтініш беру қажет", – деп толықтырды Мемлекеттік корпорация.