Елімізде банкоматтан ақша алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Мұндай мәліметті Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары айтты, деп хабарлайды Алатау телеарнасы. 

Спутниктің жазуынша, адамның бет-әлпеті мен саусақ іздерін тану қызметін енгізу қаралып жатқан көрінеді. Ресми мәліметке сәйкес, биыл банкоматтардан 13,2 трлн теңге алынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн-ға артық. Қолма-қол ақшаны көп жағдайда анонимді операцияларды жасау үшін пайдаланады. Ондайда берген және алған адамды анықтау қиын. Ал ақша бөгде адамдардың карталары арқылы жіберіледі.

“Біз реттеуші органмен бірге нақты шешімдерді әзірледік. Біріншіден, картаға 500 мың теңгеден астам салған кезде ақшаны жіберуші адамның ЖСН-ін көрсету міндеті енгізіліп отыр. Оған қоса, операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау міндеті пысықталып жатыр. Екіншіден, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы видеокамералардың жазбаларын кем дегенде 180 күн сақтауы қажет. Сол арқылы күдікті операциялардың қатысушыларын анықтауға болады”, - деді Бижанов үкіметтің бүгінгі отырысында.