Елімізде еңбек етіп жүрген мигранттардың нақты саны анықталды. Министрлік дерегінше бүгінде 13 мыңға жуық шетел азаматы бар, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанда 12,8 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді. Олардың дені Қытай, Үндістан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінен келген. Соның ішінде елімізге келіп, нәпақа тауып жүрген 565 адам басшылар мен олардың орынбасарлары қызметінде екен. Ал 2 671-і құрылымдық бөлімшелердің басшылары.
Шетелдік жұмыс күшінің негізгі бөлігі – мамандар мен білікті жұмысшылар, жалпы саны 6466 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 564 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 2 616 адам жұмыс істейді.
Шетелдіктерге жұмыс беріп отырған қазақстандық жұмыс берушілер саны – 1 657. Оларда 456 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%-і.
Шетелден күнкөріс үшін келгендердің басым көпшілігі құрылыс саласын жағалайды. Одан кейінгі орында – өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет. Ал ауыл, орман және балық шаруашылығында 600 шетелдік жұмыс істеп жүр.