Елімізде 60 мыңға жуық отбасы кедейлік жағдайынан шыққан. Осылайша статистика оңалып келеді, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Мұндай деректі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Дерегіне сүйенсек, 2023 жылы және 2024 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған 58 445 отбасы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде кедейлік жағдайынан шыққан.Әрі 2023 жылы жалпы сомасы 59,4 млрд теңгеге 114,1 мың отбасы (598,4 мың адам), 2024 жылдың үш айында 7,8 млрд теңгеге 58,8 мың отбасы (312 мың адам) АӘК алған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында (27 мың отбасы) тіркелген. Шымкент қаласында – 12,7 мың отбасы, Алматы – 9,5 мың отбасы, Қызылорда облыстарында 9,4 мың отбасы АӘК алған.
АӘК алушылардың ең аз саны Ұлытау (538 отбасы), Атырау (1,1 мың отбасы) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (1,6 мың отбасы) тұрады екен.
«АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару», - делінген хабарламада.
АӘК келесілерді көздейді:
- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
- жұмысқа орналастыру жолымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, оқуға жіберу, өз ісін ашуға ынталанған отбасыларға гранттар беру және т.б.