Елімізде сейсмикалық құбылыстарды болжау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылмақ. Құрам сейсмикалық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы базасында жасақталады, деп хабарлайды Алатау телеарнасы.
Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Дерекке сүйенсек, министр Сырым Шәріпхановтың басшылығымен сейсмикалық құбылыстарды болжау мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өткен. Онда барлық сейсмологиялық станциялардан өзара ақпарат алмасу мәселелері талқыланып отыр.
"КазРубежГеология" ЖШС бас директоры Виталий Петровский жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық суреттері арқылы жер сілкіністерін болжау әдістерін көрсетті. Сондай-ақ, сейсмикалық құбылыстарды болжау саласындағы тәжірибемен Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының профессоры Танақан Абақанов бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша ТЖМ сейсмикалық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы базасында сейсмикалық құбылыстарды болжау жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы келісімге қол жеткізді.