Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандас мәртебесін беру немесе ұзарту ережелеріне өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды Алатау телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Түзетулерге сәйкес, енді «қандас» мәртебесін беру туралы өтінішті «Құтты мекен» мобильді қосымшасы, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы ғана емес, сонымен қатар құжаттарды қоса бере отырып, мемлекеттік корпорация арқылы беруге болады.
Республиканың шет елдердегі мекемесі арқылы берілген өтінішті шет елдердегі мекеменің қызметкері «қандас» ААЖ-да тіркейді және оның тіркелгені туралы хабардар ете отырып, Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Өтініш беруші мемлекеттік корпорацияға қолданылу мерзімі өткен пакетті немесе құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда, қызметкер өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде мемлекеттік корпорацияның қызметкері өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама жібереді. Сондай-ақ, өтініш беруші мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда, құжаттарды Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға беру «Электрондық үкімет» жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, құжаттарды қарау мерзімі екі есе қысқарды. Мәселен, өтініш берушілердің құжаттарын алған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелері Қазақстан Республикасының аумағындағы құқық бұзушылықтар және оның террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысты айыптаушы мәліметтердің болуы немесе болмауы туралы ақпаратты Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарға жібереді.
Комиссия өтініш келіп түскен күннен кейін 5 жұмыс күні ішінде оны қарайды және өтініш берушіге «қандас» мәртебесін беруден бас тарту немесе қандас мәртебесін беру туралы ұсыныс шығарады. Бұл процедураны комиссия қабылдайды және хаттамамен ресімдейді. Осыдан кейін, Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган комиссия ұсыным шығарған күннен кейін 1 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге «қандас» мәртебесін беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Содан соң «Құтты мекен» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданған шешімді өтініш берушіге, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесіне немесе мемлекеттік корпорацияға жібереді.
Егер өтініш берушіге «қандас» мәртебесі берілсе, өтініш беруші қоныстандыру аймағына келген күннен кейін 3 жұмыс күні ішінде Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
- жеке бейімделу және интеграция жоспарына қол қояды;
- Үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік келісімшартқа қол қояды;
- қандас мәртебесі туралы шешімнің күшіне енгені туралы «қандас» ААЖ-ға белгісі бар куәлік береді.
Одан бөлек, Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның «қандас» мәртебесін ұзарту не ұзартудан бас тарту туралы шешімі өтініш берушіні хабардар ету үшін «Электрондық үкімет» жүйесі арқылы 1 жұмыс күні ішінде мемлекеттік корпорацияға жібереді.
Құжат 30 мамырға (2024 жыл) дейін ашық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылған.