Мәдениет және ақпарат министрлігі облыстармен бірлесіп 2024-2028 жылдарға арналған ономастикалық атаулардың Жол картасын әзірледі, деп хабарлады Алатау телеарнасы Аlataunews.kz-ке сілтеме жасап.
Алматы облысында 2028 жылдарға дейін бөлінген квотаға сәйкес (37 көше) Алматы облысы бойынша Жол картасына аудан әкімдіктері мен облыстық басқармалар бірлесіп 70 көшенің, 57 орта білім беру мекемесінің, 5 мәдениет мекемесінің және 2 саябақтың атын ауыстыру жоспарланып отыр.
Осы тапсырма бойынша, аудандар мен басқармалар Жол картасынан ауытқуды болдырмау қажет.
Министрліктің 25 ақпанда берген тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласының Центральная көшесінің атауы өзгеретін болды. Бұл көшеге балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100-жылдық мерейтойы қарсаңында, осы кісінің есімі беріледі деп шешілді.
Сонымен қатар, 100 жылдық мерейтойы аталып өтілетін тағы бір мемлкеттік қайраткер, армия генералы Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың есімін ақсақалдар алқасы Фрунзе көшесіне беруді ұсынды.
Нәтижесінде, 2 мамыр күні Қонаев қаласының мәслихаты мен қала әкімінің бірлескен шешімі шығарылды. 3 мамыр күні ономастика комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерғалиұлының басшылығымен Алматы облысының ономастикалық комиссия отырысы өткізіліп, комиссия мүшелерінен қолдау тапты. Аталған шешім 4 мамыр күні Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.