1 млрд мемлекет ақшасын жымқырды деген күдікпен 5 адам ұсталды. Олар гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген ақшаны қолды қылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Жауапты орган бөгеттер мен су нысандарын салуға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын тексермек. Олар су тасқыны салдарын жою үшін бөлінген ақшаның мақсатты пайдалануы мен көмектің зардап шеккен барлық азаматтарға нақты жетуін де басты назарда ұстайтын болады.
ДМИТРИЙ МАЛАХОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: «Өздеріңізде көріп отырсыздар елімізде су тасқынына қатысты ахуал күрделі. Біз де шет қалмауымыз керек. Өз құзіретіміз бойынша адал жұмыс істеуіміз керек. Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласпай, бөгеттер, су бұру объектілерін салу, сондай-ақ өзен арналарын тереңдету үшін ақшаны ұтымды пайдалануды зерделеуі қажет».
Одан бөлек, зардап шеккендерге көмектесу үшін деп ақша жинайтын алаяқтармен де күрес жалғасады.Тасқын болған аймақта бағаның өсуіне жол бермеуге ерекше назар аударылады. Ол үшін апта сайын азық-түлік, ауыз су, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттар бағасының мониторингі жалғасатын болады.