"
Ертең 14 маусым Дүниежүзілік қан донорлар күні. Осыған орай «Мейірімділік қанымызда!» атты жаппай қан тапсыру акциясы өтті. Шараға Алматы қаласының мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, «AMANAT» партиясының қызметкерлері мен мүшелері, жастар қатысты.
Елімізде сан мыңдаған адам қанға мұқтаж болады. Кез келген оқыс жағдайда, немесе ота кезінде өмір нәрі ауадай қажет. Бірақ олардың барлығы дер кезінде көмекке қол жеткізе алмайды. Себебі донор жетіспейді. Әрбір үшінші пациенттің өмірін құтқару – ерікті донорлардың қолында.
НҰРДӘУЛЕТ ӘБДІҚАДЫРОВ - АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚАЛАЛЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ДОНОРЛАРДЫ ЖИНАҚТАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Көп жағдайда қан құю ғана адамның өмірін сақтап қалады. Ал жасанды қанды бүгінгі ғылым дамыса да, әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Сол себепті бізге әрбір донордың келіп қан өткізуі маңызды. 1 доза қан өткізген адам 3 адам көмектесе алады. Қазіргі жастар, оқушы, жұмысшы жастар белсенді донорлардың қатарын көбейтіп жатыр».
Қалалық қан орталығы жылына 20 мыңға жуық донорлардан қан алады. Күніне 100-ге жуық адам донор болады. Солардың бірі – 5 жылдай уақыт донор болып, біреудің өмірін құтқаруға себеп болып жүрген Сәбен Тынышқали.
СӘБЕН ТЫНЫШҚАЛИ - “AMANAT” ПАРТИЯСЫ БОСТАНДЫҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Өте күшті әсер. Біз ұжымымызбен жан жүрегіміздің қалауымен акцияға қатысуды жөн көрдік. Қуанышты сезім. Біздің қанымыз арқылы мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қолдау көрсетуімізге мүмкіндік деп есептейміз. Алғаш рет емес, 2020 жылдан бері үремң бұл акцияға қатысып жатырмын. Болашақта да отбасымызбен дәстүрлі түрде жалғасады деп сенеміз».
АЙГЕРІМ ЕСІМХАН — ТІЛШІ: «Ол біреудің өмірін сақтап қалды, ал өзі жай ғана жұмысқа бара жатты. Ол ерекше ештеңе істемеді — тек қанды тегін тапсырды. Иә, донор болу – батыр болу емес шығар, бірақ біреудің жарығын сөндірмей, өмірін жалғау – адамдықтың биік үлгісі».