"

4 маусым — ҚР Мемлекеттік Рәміздер күні! Айтулы күнде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен «Тұғырлы туым» атты жарқын патриоттық бағытқа арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Шара аясында халықпен бірге әнұран орындалып, Отанға деген мақтанышты оятар әуезді ән шырқалды, мемлекеттік ту көкте желбіресе, 30 байкерден тұратын мотоциклшілер Іле ауданынан Қонаев қаласының орталық алаңына дейін көк туды желбірете отырып керемет шеру көрсетті. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ «Халқымыз үшін азаттықтан ардақты, байрақтан биік құндылық жоқ. Көк туымызды биікте желбірету - қасиетті парызымыз, азаматтық борышымыз. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы, өскелең ұрпаққа үлгі мен өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухқа тәрбиелейміз. Сондықтан осы рәсімнің тағылымдық тәрбиелік мәні зор. Ардақты ағайын, халқымыздың мерейін асыратын мерекемен тағы да құттықтаймын! Мызғымас мемлекетіміздің белгісі егемен еліміздің көк байрағы көкте мәңгі желбірей берсін!» 

Айтулы мерекеге орай, Алматы облысында 300-ден аса іс-шара өткізіліп, 23 000-нан астам қатысушы ел мен жерге, рәміздерімізге құрмет көрсетті.

БИБІГҮЛ ӘЛІМҚҰЛҚЫЗЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ «Мен бүгінгі рәміздер күнінде айтарым, байрағымыз көктен түспесін. Көк туымыз желбіреп, аспандап, қазақ елінде тек тыныштық, бейбітшілік болсын деп тілеймін! Жастарға сенемін! Оларға зор денсаулық, патриоттық сезім тілеймін!»

МАДИЯР ЖАНБОЛАТҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ІЛЕ АУДАНЫ ЖАСТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ «Бүгінгі іс шара өте керемет деңгейде өтуде. Жыл сайын осындай мереке үлкен деңгейде өте берсе деген ниеттеміз. Бұндай іс шаралар жастар арасындағы патриотизмді, елге деген сүйінішті, сүйіспеншілікті оятады деп сенемін».

Көк байрағымыз көгімізде әркез желбірей берсін!