«Ауырған адамның еміне», «Тұрмысы төмен отбасыға көмекке» деген желеумен әлеуметтік желіде «жалған» ақша жинайтындар қатары азаймай тұр. 600 мыңнан астам қазақстандық осындай жалған көмек сұраушыларға ақша аударған. Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті, тырнақшаның ішіндегі көмекке мұқтаж жандардың оңай олжасына айналып отыр деген қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндайларға тосқауыл қоятын кез келді деп санайды. Ол үшін қажет болса, заңға өзгеріс енгізуге дайынбыз деп отыр. Себебі, желіде халықтан ақша жинап оны өз мақсаттарына: шет елден үй, жылжымайтын мүлік, букмекерлік кеңсеге бәс тігуге жұмсайтын алаяқтар артуда. 

НҰРЛАН ӘБДІРАХМАНОВ ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ БАСШЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қауіпсіздікті арттыру шарасы бірінші кезекте банкке қажет екенін біз жақсы түсінеміз. Сондықтан, біз өз тарапымыздан банктерге қауіпсіздікті күшейту туралы ұсыныс әзірлейміз. Оны заң жүзінде бекітуді қолға аламыз. Себебі, әлеуметтік желіде түрлі тәсілмен ақша жинағандарға 600 мың қазақстандық алданып қалған. Ұжымдық тәсілмен желіде жиналған ақшаның жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрайды, оның 2 миллардында алаяқтық белгілері бар».