Үш күнге жоспарланған "Digital Almaty-2024" алаңы бүгін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшыларының қатысуымен өткен халықаралық форумның пленарлық сессиясымен жалғасты. Үкіметаралық кеңеске Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Өзбекстанның үкімет басшысы Абдулла Арипов және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Пленарлық отырысқа дейін Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үкімет басшылары халықаралық форумның 300-ден астам отандық және халықаралық компанияның, цифрландыру бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың цифрлық жобалары ұсынылған көрмесімен танысты.Digital Almaty форумында үздік қазақстандық IT-компаниялар мен стартаптар өз жобаларын таныстырды. Алақан тамырларының суреті бойынша бірегей сәйкестендіру технологиясы бар биометрия жүйесі, өндірістік деректерді растау жөніндегі ЖИ платформасы, жабдықты пайдалану мен оның беріктігін басқару жүйесі, өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрландыруды енгізу жөніндегі ақылды бейнебақылау платформасы сынды отандық жетістіктер көрсетілді.
Алматыда өтіп жатқан “Digital Almaty-2024” форумында сөз алған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ЕАЭО елдеріндегі ІТ-нарықтардың дамуына мультипликативті әсер беру үшін сенімді серіктестік алаңы қажет екенін айтты.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Қазақстанда мемлекеттік басқару цифрлық трансформациялау жолымен жүріп жатыр. Бүгінде біз FinTech және GovTech сияқты салаларда әлемдік жетекші жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Біздің еліміз цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге енуінің жоғары деңгейіне қол жеткізді. Бұл мемлекеттің ашықтығы мен бизнес технологиясының арқасында мүмкін болды. Цифрландыру – елдің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі»