«Қазақстан» шахтасындағы бес адамның өліміне әкелген апатқа жұмыс беруші кінәлі. Жазатайым оқиғаны тергеу мақсатында құрылған үкіметтік комиссия осындай шешімге келген. Жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталып, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға ұсталды деді Қарағанды орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов.
Бес бірдей кеншінің өмірін жалмаған «Қазақстан» шахтасындағы өрт бір ай болды әлі сөнген жоқ. Апаттық учаскені оқшаулау туралы шешім қабылданған. Өмірін өлімге тігіп, 800 метр тереңдікте қызыл жалынмен арпаласып жатқан құтқарушыларға төрт еселенген жалақы төленеді деді жауапты мекеме басшысының орынбасары. Осы апаттан кейін құрылған үкіметтік комиссия өрттің шығуына мына жағдайлар себеп дейді.
СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «Біріншіден, көмір конвейеріндегі өрт конвейердің кептелген және көлеңкеленген ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты болды. Екіншіден, көмір конвейеріндегі өрт механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуы салдарынан, жолақ төсемінің конвейердің кептелген және бекітілген ролигіне үйкелуіне байланысты болды. Үшіншіден, «Қазақстан» шахтасының инженер-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызмет бақылауының әлсіздігі анықталды».
Сондай-ақ, министр апаттан қаза тапқандардың отбасы қандай әлеуметтік көмек алатынын айты.
СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «АрселорМиттал Теміртау» жерлеуді өткізу бойынша қажетті көмек көрсетті. Сондай-ақ әрбір отбасының жылдық жалақысының 10 есе мөлшерінде төлемдер берілді. Қаза тапқандардың балаларына 18 жасқа толғанға дейін және ЖОО-да оқуға түскен кезінде қаржылай қолдау көрсетіледі».
Айта кетейік, «Қазақстан» шахтасында қайғылы оқиға 17 тамызда болған еді. 5 адам қаза тауып, 16 адам түрлі дене жарақатын алды. Арселлор Миталл Теміртау компаниясының басшылығының ауысуына қатысты ақпаратқа Қарағанды облысы әкімінің орынбасары ол уақыттың еншісіндегі дүние деп қысқа қайырды.