Жұма күні кешкі уақытта Алматыдағы Райымбек даңғылында автобус бір топ адамды қағып кетті. Үш адамның өліміне себепкер болған, жолаушы екі айға қамауға алынды.
Алматыдағы жантүршігерлік жағдайдың қалай болғаны белгілі болды. Бейнежазбадан ер адамның жүргізушіні ауыр соққыға жыққанын көруге болады. Әйел бір сәтке есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.
Еске сала кетейік, 22 желтоқсан күні кешкі уақытта Алматыда жол жиегінде тұрған адамдарды автобус қағып, 3 адам мерт болды. 4 адам ауруханаға түсті. Қазір ауруханада үш адам ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 50 жастағы науқас реанимациядан жарақат бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы ауыр деп бағаланады. Жолаушыдан таяқ жеген автобус жүргізушісі 36 жастағы әйел ми жарақаты, ми соғылуы, беттің жұмсақ тіндерінің көгеруі диагнозымен нейрохирургия бөлімшесінде емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты консервативті ем қабылдауда. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының мәліметінше, 24 желтоқсанда сот шешімімен күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды.