Елорда тұрғыны Telegram мессенджерінде цифрлық активтерді заңсыз ақшалай сыйақыға айырбастау қызметін ұйымдастырған. Аса ірі көлемдегі цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметке қатысты қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің астаналық департаменті аяқтады. Аталған азаматтың Қазақстан аумағында кепілдендірілген цифрлық активтерді сату және сатып алу туралы мессенджер арқылы хабарландыру жіберіп, крипто айырбастау қызметін ұсынғаны белгілі болды. Осы әрекеттерімен ол жеке тұлғаларға, оның ішінде резидент еместерге Қазақстандағы кез келген қамтамасыз етілген еркін айырбасталатын валютаға қамтамасыз етілмеген электрондық цифрлық активтерді сатып алу мүмкіндігін ұсынды.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ: «Ағымдағы жылдың ақпан-шілде айлары аралығында айырбастау пункт қызметін атқара отырып, ол 342 млн теңгеден астам сомаға USDT криптовалютасын қолма-қол ақшаға сатқан. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері тергеу мүддесі аясында жария етілуге жатпайды».