"

Бүгін Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылында «KTEG Kazakhstan» ЖШС зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа кәсіпорын-өңірдегі ең ірі өндірістік нысандардың бірі болмақ. Жалпы инвестиция көлемі — 70 миллиард теңге, бұл қаржының барлығы компанияның жеке капиталы есебінен құйылған. Зауыт жобалық қуатына шыққан соң Еуразия мен ТМД нарығына сапалы өнім жеткізуді қолға алмақ. Зауыт арқылы Қазақстан бюджетіне жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде. Шараға арнайы келген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл жобаның өңір үшін маңыздылығын сөз етті.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бүгін біз KTЕG компаниясының үлкен жобасының ашылуына қатысып отырмыз. Ол енді бізе тек өңірге ғана әсер емес жалпы ауданға облысқа, Республикаға да әсері бар.Өйткені бұл импортты азайтуға мүмкіндік береді.Бүгінгі күнге Алматы облысы 100 пайыз темекі өндірісін шығарып келе жатыр осы Қазақстанда. Бұл компания KTEG тек қана темекі өндірісі емес, бұлардың басқа да салалары бар фармацевтика, дәрі шөптер сол жағынан да ары қарай қарым-қатынас құруға үлкен мүмкіндіктеріміз бар».

Бұл — Оңтүстік Кореяның KT&G корпорациясының Қазақстандағы алғашқы жобасы және ол толығымен жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылды. Сондай-ақ, зауыттағы өндіріс процесі толықтай автоматтандырылған, халықаралық сапа стандарттарының талаптарына сәйкес келеді. Шикізатты сатып алудан бастап, дайын өнімді орауға дейінгі барлық кезеңде қатаң бақылау жүйесі жұмыс істейді.