Бүгін  Алматыда  күндізгі сағат 11 ден 22 мин  өткенде жер сілкінісі орын алды. Жедел ақпаратқа сәйкес жер думпуінің қуаты 5 баллды құрады. Зілзаланың эпицентрі  Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан.

Жақында ғана болған жер сілкінісінің үрейінен арыла қоймаған халық жапа тармағай сыртқа қашты. Алматы қаласы ТЖД сағат 11:22-де апаттық дабыл дереу іске қосылып, радиоарналар мен телеарналардан хабар таратылғанын мәлім етті. Тұрғындардың пікірі қандай?

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты мәлімдеме жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін еске салды.

НҰРЛАН АТЫҒАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТЖД БАСТЫҒЫ

Жер сілкінісінен кейін қалада көлік кептелісі туындап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында метро өз жұмысын тоқтатты. Әкімдік жедел штабтың жұмысын жариялады. Қала әкімі Ерболат Досаев барлық қызметке дайын болуға тапсырма берді. Алматылықтарға жақын маңдағы қабылдау пунктін қалай табуға болатыны жөнінде ақпарат берілді. 384 қабылдау пункті: 229 мектеп пен 115 балабақша, 15 ЖОО, 20 колледж және 5 стадион пункттер туралы барлық деректер Алматының 2ГИС платформасында орналастырылған. Іздеу жүйесінде "зардап шеккен халықты қабылдау пункті" қосымшасын енгізген кезде карталарда тұрғындар үшін барлық қолда бар жинау пункттері көрсетіледі. Мұндай деректер Алматы қаласы және аудан әкімдіктерінің ТЖД ресми сайттарында көрсетілген.

Сейсмологтар Алматылықтарды 16:00-ге дейін қоғамдық қабылдау пункттерінде болуға шақырды. Алматыда 5 балдық жер сілкінісінен кейін мектептер мен колледждерде екінші ауысымдағы сабақ ,сондай-ақ  ЖОО-ларда сабақ болмайтындығы хабарланды. Алайда  барлық стационарлар, босандыру ұйымдары, жедел медициналық көмек штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастырды.