-"

Алматыда кардиологиялық орталықтың жүздеген қызметкері наразылыққа шықты. Олар жұмыстан еш себепсіз қуылдық деп дабыл қағуда. Мәселенің мән жайын телеарна тілшілері тыңдап қайтты. 

Алматы қаласының тұрғындарына жүрек-қантамыр жүйесі ауруларымен шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін қалалық кардиоорталықта аға мейірбике болып 30 жыл еңбек еткен Сәуле Ынтымақова қызмет барысында ешқандай қателік жібермедім, алайда  жұмыстан шығуға мәжбүр болдым дейді. Зейнеткерлік жасқа таяған шағында бұл жағдай қатты соққы болған.Бөлімнен бөлімге ауыстырылып,айлығы елу пайызға дейін төмендеген аға мейірбике басқа жаққа кетуден басқа амалы қалмаған. 

СӘУЛЕ ЫНТЫМАҚОВА ШАҒЫМДАНУШЫ  
«Директордың айтуымен постыға ауыстым.Келесі айда КДО отделениеге врачтардың қасына көмекші болып отырасың деді. 1 ай өткеннен кейін бас мейірбике «бұл жерде қалмайсыңдар, дәрігерлер керек емессіңдер деп жатыр, сендерді қайда жіберетінімді білмеймін» деген болатын. Дегенмен мен ауыспайтынымды айттым, сол кезде ақша алатын уақыт болды. Ал менің айлығымды 50 пайызға түсіріп тастаған.Маған өкініштісі зейнеткер жасқа тақалғанда орнымнан қозғағандары болды».

Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Сәуле Ынтымақова емес. Аталмыш орталықтың 100-ден аса қызметкері дәл осылай баз кешіп жүр. Тіпті қызметкерлер саны мұнан да көп болуы мүмкін дейді жиылғандар. Жұмыстан кеткен ақ халаттылардың арыз шағымын депутаттар да назарларына алыпты.

НҰРГҮЛ ТАУ ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
 «Кардеологиялық орталық қызметкерлерінің өтінішімен сол ауруханада төрт депутат болғанбыз. 2023 жылдың шілде айынан 150 адам жұмыстан кеттік деген арызға қол қойған,соның ішінде 92 адамның қолы қойылған арыз талап болған. Қазіргі кезде одан да көп екені анықталып отыр.Қызметкерлер арыз жазып берді осы арызбен ары қарай тексеріп,тексерудің қорытындысы болған кезде толық ақпаратты жолдайтын боламын».

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы да бұл мәселеден құлағдар. Бірақ мұнда ешқандай заң бұзушылықтың жоқтығын алға тартты.

НАЗГҮЛ ИМАНҒАЛИЕВА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
«Аталған ұжымдық өтініш  бойынша Прокуратура, еңбек инспекциясы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Кәсіподақ комитеті тарапынан тексерулер жүргізілді – заң бұзушылықтар анықталған жоқ.Қазіргі уақытта кардиологиялық орталық қалыпты режимде жұмыс істеуде».

Сондай-ақ, басқармада 285 төсек-орынға есептелген қалалық кардиологиялық орталық штаты бүгінде 90 пайыз қамтылғанын да айтты. Ал жұмыстан қуылдық деген қызметкерлердің жанайқайы әзірге қалай шешілетіні белгісіз.