"

Қазақстанның медициналық тәжірибесінде айтулы күн. Инновациялық ортопедия үшін жаңа кезеңнің бастамасы бой көтерді. Алматыда №4 қалалық клиникалық ауруханасында роботтың қатысуымен Қазақстанда және Орталық Азияда алғашқы ортопедиялық операциялар жасалынды.

3-7 қараша аралығында №4 қалалық клиникалық ауруханасының ортопедия саласының танымал маманы Мейрамбек Жұмағұловтың жетекшілігімен және Приоров атындағы Ғылыми-медициналық зерттеу орталығы (Мәскеу) маманы Алексей Шумскийдің қатысуымен, жалпы тізе мен жамбас буындарын эндопротездеу, сондай-ақ тізе буынын бір айдаршықты протездеуді қамтитын алғашқы операциялар жасалды.

МЕЙРАМБЕК ОҢҒАРҰЛЫ АЛМАТЫ №4 ҚКА ОРТОПЕДИЯЛЫҚ ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ "Бұл шеберлік сабақтың ерекшелігі - үлкен буындарда: тізе буын, жамбас буын алмастыруда роботты қолдану арқылы жасалынады. Бұл операциялардың барлығы МӘМС қорынан тегін жасалынды. Барлығы 9 операция жасалынды. Сол 9 операцияны жасап шықтық роботтың көмегімен".

Stryker компаниясы ұсынған Mako технологиясы дәлірек және болжамды хирургиялық нәтиже береді, қалпына келтіру уақытын қысқартады және протездің ұзақ мерзімін қамтамасыз етеді. Бұл технологияны қолдана отырып, бір айдаршықты эндопротездеу жасатқан науқастар оның жарақаты аз екенін, белсенді өмір салтына тез оралу мүмкіндігін және «қалыпты» буын сезімін бірден сезгендерін айтып, дәрігерлерге алғысын айтуда.

ӘЛИЯ ДАНИЯРҚЫЗЫ ЕМДЕЛУШІ: "5 күні маған отаны жасады. Әрине енді қайбір ота болмасын адамның жүрегінде қорқыныш, үрей болады ғой. Саусағың жараланса да қорқасың. Ал бұл жерде дәрігер маған бәрін айтып түсіндірді. Зиян келген буыныңызды аралап тастайды робот. Робот жасамайды, дәрігерлердің басқаруымен робот керек жерлерді кеседі, буыныңыздың орнына басқа қолдан жасалған буын қойып береді деп бәрін түсіндірді". 

Роботты пайдаланған кезде емдеу әр науқасқа жеке көзқарас принципі бойынша жүргізіледі, робот тіпті операцияға дейін импланттың оңтайлы өлшемін және оны орнатудың нақты орнын таңдай отырып, жасанды буынның дәл 3D жоспарлауын орындайды.

ДИЛАРА РАХЫМЖАНҚЫЗЫ ЕМДЕЛУШІ "Понедельник күні маған операция жасады. Бүгін уже 3-ші күн, мен уже өзімді өте жақсы сезінемін. Аяғым ауырмайды. Жүріп те жүрмін. Құдай қаласа, ары қарай жұмысымды істеймін деп ойлаймын. Осындай роботопротизирование біздің Қазақстанға ертерек келіп, екінші аяғымды да жасатпақшымын".

Бұндай операция кезінде қан кетулер аз болады және буын аурулары тек сүйекті ғана емес, оның қасындағы байламдарға да әсер ететіндіктен роботтар оларды мүмкіндігінше өзінде қалдырады. Сондықтан, ол жерде ауру сезімі де аз сезіледі. Айта кетейік, Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасында  шұғыл және жоспарлы негізде мамандандырылған, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін көпбейінді клиника. Осы жылдың басынан бері 1526 буын ауыстыру отасы жасалынған.