Жақында Алматыдағы көлік тораптары қызметкерлері мен туристер тікелей жұмыс жасайтын сала мамандары арнайы оқудан өтеді. Оларға ағылшын тілі және қонақжайлылық негіздері бойынша сабақ беріледі. Оны Алматы туризм бюросы қолға алады. Негізгі мақсат - Алматыны туристер үшін қолайлы қала жасау. Осыған орай, шаһарда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Соның алғашқысы, халықаралық әуежайдағы паспорттық бақылау аймағынан басталды. Нақтырақ айтқанда, әуежайдағы кабиналар жаңартылды. Енді шеттен келген қонақтарды әлемнің тоғыз танымал тілінде: қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, француз, итальян, түрік және корей тілдерінде қарсы алады.
Одан бөлек, келушілерге ыңғайлы навигация үшін қала қиылыстарында 52 ақпараттық тотем орнатылды, онда картадан басқа да танымал туристік бағыттар туралы ақпарат бар.