Алматылықтар Абай күніне орай, ұлы тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шараға шаһар әкімдігінің өкілдерімен, зиялы қауым қатысты.
10 тамыз қазақтың бас ақыны ұлы ойшыл, Абай Құнанбайұлының туған күні. Осыған орай еліміздің әр өңірінде хакімді ұлықтауға оның асыл қазынасын дәріптеуге арналған іс шаралар ұйымдастырылуда. Алматыда Абайдың нақыл сөздері айтылып, өлеңдері мен қара сөздері оқылды, әндері шырқалды. «Адамзаттың Абайы» атты іс-шараға театр әртістерімен қатар, ақын-жазушылар және зиялы қауым өкілдері де қатысты, кемеңгер жайында ойларын ортаға салды.
ГҮЛШАРА ЕСЕТҚЫЗЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРЕТКЕРІ «Міне біз Абайдың 150- жылдығында осы оқушылармен келгенбіз, қазір міне қанша жыл 27-28 жылдар бері біздің мектептің оқушылары осы жерде Абай оқуларын, Абай есткершкішінің қасында жылда оқиды. Бүгін қатты қуаныштымыз. Абай атамыз- Дана, Абай атамыз – Дара. Сондықтан кейінгі ұрпаққа біз Абай өлеңдерін, Абайдың қара сөздерін жаттап, айтқызуымыз керек. Нағыз тәрбие осы Абай өлеңдерімен, қара сөздерімен басталады деп ойлаймын».
АНАР ФАЗЫЛЖАНОВА А.БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Бүгін Абайдың туған күні. Әр қазақ үшін ұлы мереке, өйткені жер бетінде Мен қазақпын деп дүниеге келген әр адам Абайдан рухани азық алатыны сөзсіз. Абай өзіне осындай ұлы есткерткіш орнатқан тұлға. Бірақ мен бұл жөнінде ғана емес, Абайдың адамзат үшін де ұлы тұлға екенін айтқым келеді. Себебі Абай шығармашылығында адам баласы жаратылғаннан бері оның рухани толығуына қажетті дүниелер бар. Яғни Абай деген кезде біз өткен тарихтың, талай ғасырдың тереңінен барып сусындамасақ оның тұлғасын, шығармашылығын тани алмаймыз. Сондықтан біздің Абайымыз- адамзаттың Абайы».
Ақынның дүниетанымы бөлек,салмақты сөздері, өзектілігін жоймайтын пәлсапасы қай жерде, қай ортада, қай елде болмасын өтімді. Оның адамзатқа ауадай қажет туындылары ешқашан өшпек емес.