"

Астанадағы экс-министрдің аты шулы сот процесі аяқталуға жақын қалды. 10 мамыр күні үкім шығарылуы мүмкін. Әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев пен оның бұл қылмысын жасырды деген күдікке ілінген туыс інісі Бақытжан Байжанов сотта бүгін соңғы сөз айтты. Экс-министр  өзінің кінәлі екенін мойныдады, алайда қасақана кісі өлтіру мақсаты болмағынын алға тартты. Ал, күдікті Байжанов мен ештеңе білмедім, білсем мұндай әрекетке бармас едім деп марқұмның туыстарынан кешірім сұрады. 

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ  АЙЫПТАЛУШЫ: «Менің ата-анам, туыстарымның ешқандай кінәсі жоқ. Бұған тек мен кінәлімін.Мені ұстаған сәттен бастап тек шындықты айттым. Мүмкіндігім болса да, жауапкершіліктен қашуға тырыспадым. Аса қатыгездікпен жасалған қасақана кісі өлтіру айыбын мені ұстағаннан кейін бірнеше күн өткен соң тақты. Мұны растайтын ешқандай дәлелдің, сараптаманың болмауына қарамастан осындай айып тақты. Менің кім болғаным, қандай қызмет атқарғаным маңызды емес. Мен де қарапайым адаммын, бейтарап және объективті сотқа лайықпын».

БАҚЫТЖАН БАЙЖАНОВ АЙЫПТАЛУШЫ: «Аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы білген жоқпын. Білсем, мұндай әрекетті жасамас едім. Менің әрекетім аса ауыр қылмысты жасыру болып саналатынын болжаған да жоқпын. Егер аса ауыр қылмысты жасыруға тырыссам, өзімді қорғамас едім, өзімді кешірмес едім».