Маңғыстау облысына қарасты Атамекен ауылының 60-қа жуық тұрғындары көршісіне наразы. Өйткені ол, өзінің тұрғылықты жерін қаңғыбас иттерді қамап ұстайтын орынға айналдырған. Сасық иіс пен алпыстан аса иттің ұлыған даусы көршілерінің құтын қашырған.

Қаңғыбас иттерге қамқоршылық көрсетіп жүргендер бастапқыда 7-8 жануарды осы жерге әкеліп баға бастапты. Кейін уақыт өте келе төрт аяқтылардың саны көбейген. Қазір шамамен 50-ден астам ит бар,- дейді шағым айтушылар. Күні-түні осыншама ит бірнеше сағаттап жан-жақтан үргенде үрейіміз қашып, түн ұйқымыз төрт бөлінеді дейді ауыл ағайындар.

СЫНДАР АРАЗБЕКОВА АТАМЕКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ел, халықтың ортасында 60 ит бағады деген масқара ғой. Мынандай қылып ит сақтау деген болмайды ғой. 60 ит бар осының ішінде. Біреуі үрсе, жан-жақтан бәрі үреді. Түнде мына жермен өтейік десек өте алмаймыз. Үлкен ақ ит жатыр».

ШАРХАТ ЖҰМАБАЕВА АТАМЕКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Иттер шулап түнімен жатқызбайды. Күндіз түні бірге шулап үреді. Исіде жаман, отырғызбайды. Иесіне айтсаң өзіңмен ұрысып кетеді. Тыңдамайды ешкімді, бұл жерден кетпеймін дейді.Түнде сағат 4-тің мезгілінде құтырып кетеді иттер, жаман». 

Алпыс жануарды ауласына сыйғызып отырған азамат: "Ісім заңды, әрқайсының арнайы құжаты бар",-дегенді алға тартады. Оның сөзінше, ауылдан алшақ жерде қаңғыбас иттерді қамайтын орын бар. Бірақ қоршауы салынбаған. Сондықтан, қамқорлық көрсетуді жалғастыра беремін деп отыр. 

ОКСАНА КОЗЛОВА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІ: «Көршілердің өздері иттерге маза бермейді. Біз қайта осындай тұрғындардың далаға тастап кеткен иттеріне қамқор болып жүрміз. Жер орнымыз бар. Көпшіліктен сол жер орынды қоршауға көмек сұраймыз. Бізге ешкім қаржы бөлмейді. Біз тек қайырымды жандардың көмегімен иттерді қорғап жүрміз». 

Айтулы мәселемен жергілікті билік өкілдеріне жолықтық.Елді мекен басшысы осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрып, көршілер арасындағы дауды шешіп береміз деп уәде етті. Жалпы иттерді көшіріп жіберуге заңның осалдығы қол байлау болып тұр дейді ауыл әкімі.

ЕРЛАН ҚАЙРАНОВ АТАМЕКЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
«Қазір енді заңнамаға байланысты мына үй жануарларын асырап бағу, мал басы санына байланысты, арнайы шектеудің болмауына байланысты, біз ол азаматтарға нақты бір шара қолдана алмай жатырмыз. Енді осы соңғы түскен шағымға байланысты біз жергілікті әкімшілік арнайы жұмыс тобын құрып, мамандарды шақыртып, мәселе бойынша түбегейлі айналысатын боламыз. Жалпы көшіріледі. Енді бұл жерде тұрғындардың шағымы, арызы, көтеріп отырған мәселесі аяқсыз қалмайды».