Аты шулы «АрселлорМиталл Теміртау» компаниясының басшылығы ауысады. Ал, кәсіпорында тұралап қалған мәселенің оң шешілуін үкімет өзі басты назарда ұстайды. Бірінші кезекті, өндірісті жаңарту, қауіпсіздік шараларын арттыру, онда жұмыс істейтін еңбеккерлердің айлықтарын көтеру жоспарда тұр. Бұл туралы бүгін Сенатта азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өткен парламенттік тыңдауда төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов айтты.

Апаттан көз ашпаған кәсіпорынның жаңа инвесторы бүгін белгілі болды. Жұмысқа кетіп оралмаған кеншілердің қазасы күллі қазақты есеңгіреткен еді. Енді бұл шахтаға қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев қаржы құяды. Осылайша «АрселлорМиталл Теміртаудағы» тұралап қалған бар мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарланып отыр. Зауыт толық трансформацияланады.

СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

«АрселорМиттал Теміртау» шахталарында екі апат болды. Біріншісі өрт, екіншісі, жарылыс. Бұл бағытта біздің өндірістік қауіпсіздік комитеті инспекциясының деңгейінің төмен екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол проблеманы біз талай көтердік. 1990 жылдары инспекторлар саны 1600 адам болса, қазір 380 адам. Бұл бір. Екіншіден, олардың деңгейі өте төмен. Статусы төмен. Инспекцияға келетін адамдар саны 380 болса, вакансиялары 40-қа жуық. Айлықтары төмен. Бұл үлкен мәселе. Оны кешенді түрде шешу керек. Трансформация ретінде қарастырған абзал. Қазір бізге үкімет тапсырма беріп отыр. Біз қазір өзіміздің тұжырымдаманы әзірлейміз. Соған осы мәселенің бәрі енгізіледі».

Одан бөлек, бүгін Сенат қабырғасында өрт сөндірушілердің мардымсыз жалақысы мен ескірген техниканың жайы сөз болды. Министр, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыстары олардың денсаулықтары мен өмірлеріне қауіпті, психологиялық, физикалық тұрғыдан да ауыр. Оның үстіне олар тәулік бойы жауынгерлік әзірлікте болады дегенді тілге тиек етіп, қызметкерлерге қосымша үстемақы төлеу мәселесін көтерді.

СЫРЫМ ШӘРІПХАНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: «Соңғы орын алған ірі апаттар, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің төмен деңгейіндегі жай күін, жабдықтау тапшылығын, жеке құраммен қамтылмауын, қауіпті өндірістің қауіпсіздік ережелерін сақталмауын, жоюға берген ұсынымдарды елемеуі, құтқарушылардың еңбекақысының төмен болуын және әлеуметтік қамтамасыз етудің жүйелі проблемалары бар екенін көрсетті».

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, «Азаматтарымыздың алаңсыз және қауіпсіз өмір сүруі үшін тиісті жағдай жасау –біздің міндет» - дейді.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Табиғи және техногендік апаттардың салдары қашанда ауыр болады. Сол себепті азаматтық қорғауды күшейту, осы саладағы қауіптердің алдын алу - мемлекеттік органдардың ең маңызды мақсаттарының бірі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде көптеген табиғи және техногендік сипаттағы апат болды. Оның салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Қаза тапқандар да бар екені жасырын емес. Бұл алаңдатарлық жағдай. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды екенін атап өтті. Өйткені соңғы жылдардың өзінде осы бағытта көптеген төтенше оқиға болды».

Азаматтық қорғау туралы заңға қатысты айтылған бұл өзгерістер мен толықтырулардың нақты қашан енетіні әзірге белгісіз.