Бүгінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар ішінде "Ауыл аманаты" ерекше орын алады. Іске қосылған бұл жоба ауыл тұрғындарына өз ісін ашып, экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік беріп отыр. 

Киіз үй жасауды кәсіпке айналдырған қандас

Бағдарламаның көмегін көріп, кәсібін дөңгелеткен азаматтардың бірі – Талғат Қанапияұлы. Қытайдан қоныс аударған ол бүгінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында киіз үй жасаумен айналысады. Бұл кәсіпті қолға алғанына бес жылдан асқан.

"Қазақтың киіз үйі – тек баспана емес, ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Заманға сай киіз үйлер жасауға кірістік. Ою-өрнегін сақтай отырып, сапалы әрі жинауға ыңғайлы үлгіде әзірлейміз. Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарға сұраныс артып, киіз үйлерімізге қызығушылық көбейді", – дейді кәсіпкер.

Талғат Қанапияұлы жасаған киіз үйлерге туристік орталықтардан, демалыс орындарынан жиі тапсырыс түседі. Сондай-ақ, ұзақ уақыт жайлауда отыратын шопандар да осы баспананы қалайды. Себебі киіз үйлер жазда салқын, қыста жылы, әрі тасымалдауға ыңғайлы. Бастапқыда жылына 10-15 киіз үй сатылса, қазір бұл көрсеткіш 200-300-ге жеткен.

Мемлекеттік қолдаудың маңызы

Талғат Қанапияұлы өткен жылы "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 3 млн теңге несие алып, кәсібін кеңейткен. Қазіргі таңда өз шеберханасы бар, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

"Мемлекетке иек артып отыра бермей, өз ісін бастағысы келетіндер үшін "Ауыл аманаты" – үлкен мүмкіндік. Бағдарлама арқылы ауыл тұрғындары кәсіп ашып, өзін ғана емес, ел экономикасына да үлес қоса алады", – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлерге қолдау жалғасады

"Ауыл аманаты" бағдарламасы ауылдық жерлерде жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ PR-менеджері Руслан Ескендірдің айтуынша, бағдарламаға қатысушылардың жобалары әртүрлі салаларды қамтиды.

"Өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы, құс, балық, ара өсіру, ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар бойынша көптеген кәсіпкер өз ісін бастады. Бұл бәсекелестікті арттырады. Ал бәсеке болған жерде сапа да жоғарылайды", – дейді ол.

Алматы облысында биыл жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 186 жоба қаржыландырылды. Бұл кәсіпорындар нарыққа сапалы өнім мен жоғары деңгейлі қызмет ұсынып, экономиканың дамуына үлес қосуда.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, ел экономикасын нығайтуға септігін тигізіп отыр. Мұндай қолдау тетіктері алдағы уақытта да жалғасады деп күтілуде.