Ауылдағы ағайын үшін жағымды жаңалық. Биыл ауылдық елді-мекендер мен шалғай жатқан аймақтарға төрт жүзге жуық алғашқы медициналық көмек нысандары салынады. Өңірлер жаппай жас мамандармен толығады. Енді ауыл халқы медицинадан таршылық көрмейді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты. Одан бөлек, жауапты министр міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі былықтар мен дәрі-дәрмек бағасына қатысты да пікір білдірді.
Басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына сабылуға мәжбүр болған халықтың үні ақыры Үкіметке жетті. Биыл ауыл медицинасын дамытуға деп қазынадан 60,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның алды 21 млрд-ы өңірлерге жетті. Алғашқы медициналық көмек нысандарының көп бөлігі Қарағанды облысына тиесілі. Оның үстіне өңірлерде дәрігерлер де жетіспейді. 1100 медицина қызметкері керек. Егер, жас маман ауылдық жерге жұмыс істеуге барамын десе, ондай таңдау жасағандарға жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Ұлттық жобаның екінші міндетінің аясында 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 2 аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, 10 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 5 нысан конкурстық рәсімдерден өту сатысында, 5 жоба сараптамадан өту сатысында, 8 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жүргізілуде. Негізі екінші міндеттің шеңбері 2023-2025 жылдарға арналған. Осы жоба аясында жұмысар өз жалғасын табады».
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен бері сала қатты сынға ұшырап келеді. Жақында мемлекеттік аудит миллиардтаған заң бұзышылықтарды анықтаған болатын. Бұл мәселеден бас дәрігер де хабардар болып шықты. Салаға жауапты министр заң бұзушылықтарды мойындап отыр.
АҚМАРАЛ ӘЛНАЗАРОВА ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді талап ететін жүйелі бұзушылықтар анықталды. Және бұл мәселелердің барлығы Жоғарғы есеп палатасына қосымша жолданды, жалпы бүгінгі күні барлық материалдар қаралып, лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылуда. Мен атап өткен нормативтік-құқықтық база, ол жалпы алғанда дәрі-дәрмектің баға саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді, ал Денсаулық сақтау министрлігі оларды жою бойынша жұмыс жүргізуде».
Дәрі-дәрмек демекші, жауапты министрлік бағаны реттей алмайтындықтарын айтады. Бас дәрігердің сөзінше, баға бәсекеге қабілетті ортада экономикалық жағдайға байланысты өзі реттеледі-мыс. Үкімет басшысы Олжас Бектенов болса, салалық министрлікке бірінші кезекте ауылдық жерлерде алғашқы медициналық көмек нысандарын салуға деп бөлінген қаражатты тиімді игеруді тапсырды. Оны денсаулық сақтау министрлігі жергілікті әкімдермен бірлесе қадағалауы керек.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Ауыл медицинасы жаңа медициналық мекемелермен білікті кадрларға мұқтаж. Сондықтан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сапалы іске асыру – біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі. Ұлттық жобаны іске асыру барысын ақпан айында қарадық. Ол кезде бекітілген кестеден біршама артта қалу байқалған болатын. Соған сәйкес тиісті тапсырмалар берілген. Бүгін көріп отырғанымыздай, ауқымды жұмыстар жүргізілген. Жобалау-сметалық құжаттардың барлығына мемлекеттік сараптама қорытындысын беру толығымен аяқталды. Мердігер-компаниялар айқындалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қазір қалған нысандарды қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Әкімдіктер барлық нысандардың құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуі керек».
Осылайша, енді жақын арада ауылдық жерлерде төрт жүзге жуық алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандар бой көтереді. Басты байлық –денсаулық десек, онда мыңдаған ауыл тұрғынының өзекті мәселесі оң шешімін табады.