"

Ауылдық аймақтардың инфрақұрылымын шешу кезек күттірмейтін мәселе.Бүгін аталмыш тақырыпты талқылауға арналған мәслихат депутаттарының бас қосуы Алматы облысына қарасты Қарсай ауданында орын алды. Онда атқарылып жатқан істермен,алдағы міндеттер талқыланды.

Қарасай ауданы Алматының іргесінде орналасқандықтан мұнда көшіп-қонушылардың легі жыл сайын артып келеді.Халық көбейген сайын, қажетті инфрақұрылымдарға сұраныс жоғарылап отыр. Басты мақсат,жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, қажетті медициналық мекемелерді шалғайдағы елдімекендерге салу, жол,су және жарықпен жабдықтау секілді түйіткілді мәселелер облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының назарына ілігіп отыр. Жиын барысында аудандық әкімдік мамандары 9-айдың қорытындысына тоқталып, негізгі басымдықтарды баяндады.

РУСТАМ АТЧАБАРОВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Ауданда өзекті тақырыптың бірі,үш ауысымды мектеп мәселесі. Осыған орай, 5-жаңа мектеп, үш орта мектепке жапсаржай құрылысы жүргізілген. Президент тапсырмасы аясында еліміздің әр аймағында жайлы мектептер салу жобасы басталып кеткен болатын.Соның он мектебі Қарасай ауданында бой көтермек. Биыл 8-мектепке қаржы бөлінген, бұйырса тиісті мерзімде пайдалануға берілмек. Жастарды білім ошақтарымен қамту маңызды болғандықтан, облыстық мәслихаттың төрағасы бастап,аймақтағы құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, көздерімен көріп қайтты. Бұл «Асыл-Арман» тұрғын үй кешеніндегі 2000 балаға арналып салынып жатқан мектеп. Мердігер «Адвенто» ЖШС жеке қаражатына жүзеге асыруда. Бұйырса 2024 жылдық қыркүйек айында қолданысқа беріледі.

ТАЛҒАТ БАЙЕДІЛОВ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Осыдан кейін мәслихат төрағасы бастаған азаматтар «Асыл-Арман» ықшам ауданындағы жылыту қазандығына ат басын бұрды. Тұрғындар үшін маңызды жоба,заман талабына сай қазандықтармен жабдықталған. Айтулы қазандық «Асыл-Арман» тұрғын үй кешеніндегі 20 мыңға жуық тұрғындарды жылумен және ыстық сумен тұрақты түрде қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мәслихат депутаттары Қаскелең қаласындағы өнер мектебіне арнайы келді. 2021 жылы ДОССАФ ғимаратын жергілікті әкімдік өз баланысына алған. Аймақтағы жастарды өнерге баулу үшін, айтулы нысанды өнер мектебіне айналдырмақ. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысына күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын  әзірлеуге жоспары қарастырылып жатыр.