Ауғанстандағы жер сілкінісінен 2400-ден астам адам қаза тауып, 9000-нан астам адам жарақат алды. Биліктің мәліметінше, сағат санап құрбандар көбейіп барады.
Ауғанстандағы табиғи апат елдің батысында орын алды. Жер сілкінісінің эпицентрі Герат қаласынан шамамен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Магнитудасы 6,3 балды құрады. Жер сілкінісі салдарынан 1300-ден астам үй қирап, бүлінген. 12 ауыл жер бетінен толықтай жойылған. Іздеу-құтқару операциялары жалғасуда. Үйінділерді тазартуға тұрғындардың өздері де кіріскен. Олардың айтуынша, әрбір отбасында қаза тапқандар немесе зардап шеккендер бар.
ГЕРАТ ТҰРҒЫНЫ «Менің туған-туыстарым, соның ішінде ұлым қаза тапты. Тағы бір ұлым зардап шекті. Көптеген адамдар үйінділердің астында қалады»
ГЕРАТ ТҰРҒЫНЫ «Мен анам, қызым және ұлымды таппай жүрмін. Олардың не тірі, не өлі екенін білмеймін».
ГЕРАТ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Бұл жер сілкінісі бізге көптеген қиындықтар әкелді. Мен отбасының екі мүшесінен: әпкем мен ұлымнан айырылдым».
ГЕРАТ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Менің он үш туысым зардап шекті, оларға шұғыл көмек қажет. Мұнда не болып жатқанын көріп отырсыздар. Қаза тапқандар көп, кейбір отбасы түгелімен ажал құшты».
Табиғи апатқа дейін Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс болған. «Балаларды құтқарамыз» қайырымдылық ұйымы жағдайдың одан да нашарлағанын мәлімдеді.Жүздеген балалар мен әйелдер үй-күйсіз қалды. Оларға баспана мен тамақ қажет.
АРШАД МАЛИК - «БАЛАЛАРДЫ ҚҰТҚАРАМЫЗ» ҰЙЫМЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ «Инфрақұрылымның басым бөлігі бұзылғандықтан жақын болашақта су, азық-түлік, медициналық қызметтер мен білім беру мәселесінің жағдайы қиын болады деп алаңдаймыз».
Бұл жер сілкінісі Ауғанстан үшін соңғы 25 жылдағы өлім-жітімді көбейткен ауыр соққы болды.