5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Биыл бұл күні пластиктік ластануға қарсы күреске арналған шаралар өтіп жатыр. Әлемде жыл сайын 11 миллион тонна пластик мұхитқа түссе, 13 миллионы топырақта шірімей жатады. Ал оның тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді. Бірақ, елімізде бұл мәселемен нақты күрес басталды. Алматы маңындағы Аюсай шатқалында халықаралық қолдаумен ерекше экожоба іске асты. Бұл жайлы толығырақ келесі сюжетте.
Пластик – табиғат үшін ең қауіпті қалдықтың бірі. Ол жүздеген жыл бойы шірімей, топырақ пен суды улайды, ал өртелген жағдайда адам денсаулығына зиянды газдар бөледі. БҰҰ бастамасымен әлем бойынша осындай ластанумен күресуге бағытталған 100 жоба жүзеге асып жатыр. Соның бірі — Қазақстанның туристік жауһарларының бірі саналатын Аюсай шатқалында іске қосылды.Биіктігі бас айналдыратын Аюсай тауының баурайында бұрын туристер қалдырған пластик бөтелкелер мен қоқыс қалдықтары жататын. Енді бұл көрініс өзгеруде. Мұнда алғаш рет арнайы қоқыс сұрыптайтын контейнерлер орнатылып, қалдықты сығымдайтын құрылғы іске қосылды.
БАҚБЕРГЕН ДҮЙСЕНОВ АЮСАЙ ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ГИДІ
Әлемде жыл сайын 516 миллион тоннадан астам пластик тұтынылады. Бұл апат ауқымын еселей түсуде. Алайда Қазақстанда басталған бастама – жаһандық мәселеге қарсы нақты әрекет. БҰҰ өкілдері еліміздің бұл бастамасын жоғары бағалап отыр.
ВЛАСТИМИЛ САМЕК БҰҰ ЖАҺАНДЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ “Өздеріңіз де көріп, біліп жүргендей, айналамыздағы заттардың басым бөлігі пластиктен жасалған. Ал пластик табиғатта ыдырамайды. Егер біз пластик бөтелкелерді, пакеттерді және басқа да пластик заттарды қоқысқа тастасақ, олар ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы ыдырамай жата береді.
Бұл әрине, табиғат пен қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Сонымен қатар, микропластик мәселесі де жеке қарастыруды қажет етеді. Мысалы, біз күнделікті тұтынатын су бөтелкелері мен әртүрлі өнімдер арқылы микропластик адам ағзасына түсуі мүмкін. Сондықтан қоршаған орта арқылы пластиктің адам денсаулығына тигізетін әсері де өте маңызды мәселе болып отыр”.
Статистикаға сүйенер болсақ, тауларда қызмет ететін 146 нұсқаушы мен қысқы спорт мамандары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі де алаңдатарлық. Олардың 63 пайызы — соңғы жылдары пластикпен ластану үдегенін мойындаса, 80 пайызы — таулы жерлерде тасталған бөтелкелер мен қаптамаларды жиі кездестіретінін айтқан.
ГҮЛЖАН КЕНЖЕҚЫЗЫ ТҰРҒЫН
Бүгінгі жасалған әрбір қадам – болашақтың экологиялық қауіпсіздігіне қосылған үлес. Ал қоршаған ортаны қорғау – бәрімізге ортақ міндет.
Айгерім Есімхан, Алатау ақпараты