Ақмола облыстық балалар ауруханасында екі күнде 3 бала көз жұмды. Олардың екеуі 2022 жылы туылған сәбилер, туа бітті кемістіктері болған.
Көз жұмған ұл бала Степногорск қаласының тұрғыны. Туа бітті кемістігі болғандықтан ата-анасы бас тартқан болып шықты. Кардиолог, невролог дәрігерлердің есебінде тұрған. Өткен жылы 6 рет ауруханаға түсіп, үш рет жансақтау бөлімінде жатқан. Аурухана директорының айтуынша, мұндай диагноздары бар балалардың ғұмыры тым қысқа болады. Оған дайын болған ата-аналардың аурухана қызметкерлеріне еш шағымы болмапты. Балаларының денесін ешқандай талап арызсыз алып кеткен. Ал, үшінші бала Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының 10 жасар тұрғыны. Ата-анасы ұлдарын сүндеттемек болып, 28-ші қаңтар Көкшетауға алып келген. Ақ халаттылардың айтуынша ота сәтті өтіп, бала үйіне жіберілген. Бірақ, араға бірнеше күн салып балаларын ауруханаға қайта алып келген. Өкінішке орай, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмапты.
МҰХТАР ДОСХОЖИН, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Ата-аналары баланы 17-00 де өздері алып келді. Бірден хирургия бөліміне апардық. Жағдайын дәрігерлер аса ауыр деп бағалап, қажетті шаралардың барлығын жасады. Бірақ, өкінішке қарай 18-20-да бала көз жұмды. 40 минут бойы жасалған реанимация ешқандай нәтиже бермеді».
Алдын ала диагноз анафилактикалық шок немесе өкпе артериясының бітелуі. Оқиға орын алғаннан кейін дәрігерлер құқық қорғаушыларды шақырып, сот-медициналық сараптамаға жіберген. Әзірге, нақты салдары анықталған жоқ.