Ақмола облысы бойынша былтыр 302 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Ал, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша игерілмей жатқан 185,5 мың гектар жер мемлекетке өткізілді. Бұл «Жер аманаты» комиссиясы қолға алған жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Аталмыш комиссияның шарапатын қарапайым тұрғындар да көруде.
Халыққа қайтарылған жердің игілігін көріп отырғандардың бірі – Зеренді ауданына қарасты Қошқарбай ауылының тұрғыны Қайыркен Хасенов. Ол 2022 жылы «Зеренді астық» серіктестігінің банктерге кепілге қойған жерін қайтаруға сотқа арыз жазған. 15-ші қарашада соттың оң шешімі шықты. Қазіргі таңда, құжаттар мемлекеттік органдарда тіркеліп жатыр.
ҚАЙЫРКЕН ХАСЕНОВ ҚОШҚАРБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Мынау біздің жерімізді кезінде алпауыттар иеленіп алды ғой. Халықты алдап-сулап иеленіп алды да қазір енді сол жерден айырылғылары келмейді. Енді, мына Президентіміз бар, Парламентіміз бар, солар мінеки мынау жер аманаты комиссиясын шығарып, жерді халыққа қайтарып беріңдер деп сөйдеп жатыр ғой енді. Халықты қолдап жатқаны дұрыс деп есептеймін».
Облыс бойынша өздеріне тиесілі жерді ала алмай жүрген тұрғындар баршылық. Олардың мәселесін біржақты ету мақсатында «Аманат» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылған. Арада өткен екі жылда комиссия мүшелері оң нәтижеге қол жеткізді. Партия өкілдері алдағы уақытта да мәселелі жерлерді қайтару бойынша жұмыс істеуге мүдделі.
АСҚАР ӘМІРЖАНОВ «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ "ЖЕР АМАНАТЫ" ОБЛЫСТЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ «Партияның қоғамдық қабылдауына Зеренді ауданының бірнеше тұрғыны шағымданып, өздеріне тиесілі жер телімдерін ала алмай жүргендері жайлы айтқан болатын. Тергеу барысында анықталғандай ол жерлер екінші деңгейлі банктерде кепілде тұрғаны анықталды. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біраз жұмыс атқардық. Тоқсанышы жылдары жерлерді иемдену кезінде тұрғындардың шартты жер телімдеріне рұқсат алғаны белгілі болды».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету қажеттігін айтты. Бұл тапсырманы жүзеге асыру мақсатында комиссия өкілдерінің араласуының нәтижесінде, біршама жер ауыл тұрғындарына қайтарылды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегіне жүгінген аудандықтар аз емес. Осы күні тұрғындар тарапынан келіп түскен 20 өтініш сот қарауында жатыр.