«Қытымыр қыстың құрсауында қалып қалмаңыз!» деп қара халықты мамандар құлақдар етіп жатса да ескертуді елемей жолға шыққандар жол бойында қалуда. Бір тәуліктің ішінде құтқарушылар республикалық маңызы бар жолдарда 200-ге жуық адамды дереу жылыту бекеттеріне жеткізген.
«Жол азабын тартқан білер» демекші, Ақмола облысына қарасты Жақсы ауданында автобустар бұзылып, жол бойында қалуда. Бірі Жақсы-Есіл-Бұзылық тас жолында тоқтап қалған. Автобус ішінде 70-ке жуық көрші Өзбекстан елінің жолаушылары болған. Оның 17-сі жастар. Араға 3 сағат салып, дәл осы жерде тағы 54 өзбекстандық қар құрсауында қалған. Ал, Алматыдан Екатеринбургке беттеген 70-ке тарта Тәжікстан азаматтары да діттеген жерлеріне жете алмады.
Мамандар қолдан келгенше ақұлпаның астында қалған азаматтардың барлығын жылыту бекетіне жеткізді. Зардап шеккендер жоқ. Төтеншеліктер көлік жүргізушілеріне ескерті жасауда, мүмкіндік болса алыс жолға шықпауды өтінеді.