"

Ақмола облысында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісі жалғасуда. Қазіргі уақытта шаруашылықтардан пайдаланылмай жатқан 142,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне өткен.

Ақмола облысында барлығы 400 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Шаруашылықтардан пайдаланылмай жатқан 257,4 мың гектар алқап алынды. Биыл сот шешімі бойынша 52 жер телімі мемлекет меншігіне өтті. Аумағы 48,8 мың гектар.

АЯН БЕКСЕЙІТОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Сондай-ақ, департаменттің талап-арыз жұмысы жалғасуда. 58,3 мың гектар алқаптағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша 15 талап-арыз соттардың қаралуында. Сондай-ақ, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жалпы ауданы 372,7 мың гектар болатын 58 субъектіге қатысты 2022 жылы бұрын берілген нұсқамалар бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарлануда».

Жылдың басында аудандар мен Степногорск қаласының әкімдеріне облыс бойынша пайдаланылмай жатқан және заң бұзушылықтармен берілген ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспары белгіленді. Бұл, жерлерді мемлекетке қайтаруға қатысты жұмыстың толығымен орындалуын қамтамасыз етпек.

АЯН БЕКСЕЙІТОВ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЖЕР РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біржан сал ауданында ҚазБФ, ЛТД, ЖШС-мен 19 мың гектардан астам жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, Біржан сал ауданы бойынша «Баймырза Агро» ЖШС-на 8 мың гектар жайылым өз еркімен қайтарылу жоспарланып отыр».

Өңірде пайдаланылмайтын және заңнаманы сақтамаған жерлерді алып қою жөнінде облыстық ведомствоаралық кіші топ құрылды. Жоспарға сәйкес, биыл ҚР заңнамасын елемей пайдаланылмаған және берілген 400 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерді қайтару.

ДУЛАТ СЕРДӘЛІ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ведомствоаралық кіші топ биыл 30-ға жуық отырыс өткізді. Жиында онда пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару мәселелері қаралған. Жыл басынан өңірде 94 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 274,2 мың га алаңда 56 ұйғарым берілді. Олар бойынша салықты 20 есе есептеу үшін облыстың мемлекеттік кірістер департаментіне материалдар жіберілді».

Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жұмыстары жалғаса бермек. Ол қатаң бақылауда,- дейді ведомство өкілдері.