Ақтау қаласында жарты ғасыр жөндеу көрмеген көпқабатты үй бар. Тозығы жеткен тұрғын үй тұрғындары баспаналарын жөндеп беруді сұрап отыр. Оған жауапты мекеме өкілдері не дейді?
Бұл Ақтау қаласының 2 шағын ауданында орналасқан төрт қабатты тұрғын үй. Сырт көзге қауіпті баспана болып көрінбейді. Дегенмен, салынғанына жарты ғасыр болған көппәтерлі үйдің қабырғалары жарылған. Тұрғындар баспаналарына қатысты мәселенің көп екенін жеткізді.
МАРИНА ДЕРГАЧОВА ТҰРҒЫН: «Біздің үш үйіміз бұзылып, жаңа үй салынады дегенді естідік. Әрине, біз жаңа, жақсы үйде өмір сүргіміз келеді. Үй ескі. Мәселен, қабырғадағы жарықтан дала көрініп тұрады. Мен жақында ғана естідім үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін біз несиеге жасатуға келісім беріп, шартқа отыруымыз керек екен. Бұл не деген сұмдық? Сонда, біздің ай сайын төлеп отырған коммуналдық төлемдеріміз ешқандай есепке алынбай ма? Мемлекетке үй үшін қарызымыз жоқ. Салықты уақытылы өтеп отырмыз. Сонда несие алу деген қайдан шығып отыр? Мен және көршілерім бұған қарсымыз».
Тұрғындар тиісті органдарға қанша шағымданғанмен нәтиже жоқ. Ал жақын жылу құбыры жарылған. Қазір үйде тек ыстық су ғана бар. Аталған мәселе бойынша әкімдіктегілер үйді жөндеуге тұрғындардың өздері жауапты екенін сондай-ақ, бұл жұмыстар үшін несие қарастырылғанын да жеткізді.
АЙДАР ЫБЫРАЙ АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МАМАНЫ: «Бюджетте өтеусіз негізде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат көзделмегендіктен, тұрғындарға қайтарымды қаражат есебінен үйді жөндеу ұсынылады. Яғни, пәтер иелері қалған тұрғындардың жалпы санының үштен екісінен астамының келісімімен жеті жылға дейін бюджеттік кредит ала алады, бұдан басқа, келісім бойынша оны қайтарымды негізде 0,1% мөлшерлемемен 15 жылға дейін ұлғайтуға болады».
Ал тұрғындар болса, үйді жөндеу үшін несие алуға қарсылық білдірді. Себебі, тозығы жеткен баспанада тұратындардың 70 пайызы зейнеткер.