Ақтауда жауын жауса болды тұрғындардан маза кетеді. 17-ші шағын ауданындағы “Мерет” тұрғын үйіндегі халық бұл мәселемен бірнеше жылдан бері алысып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Нөсер салдарынан үйлердің шатыры шыдас бермей, пәтерлер мен дәліздерге су кетіп, көпшілікті әбден мезі болған. 

Жауын салдарынан тұрғын үй шатыры сөгіліп, ылғалға айналған.  Тұрғындар бұл мәселе осымен 4 жылға жалғасып отырғанын айтуда. Үй жоғарғы санатқа жатады. Кешегі табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмаған баспананың шатырынан аққан су, дәліз бен жедел сатыға өтіп, паркинг пен қоймаларды да тас талқан еткен. 

МАРАТ НҰРБЕКОВ, ТҰРҒЫН «Жаңбыр жауған соң жылда су кетеді. Подвал, паркинг, төбеден су ағады. Лифт ажыратылды. Үлкен кісілерге жоғары қабаттағы қиын. Суағар жөндеп берсе. Алдыңғы жаңбырда өзіміз жүрдік, бітедік. Шахтаны кептіруді тұрғындар өзіміз істедік».

ТАЛАНТ ҚАРЖАУБАЕВА, ТҰРҒЫН «Қарайған затымыз суға кетіп шіріп жатыр. Ол жаққа доступ жоқ. Кілттеп тастаған. Жауыннан кейін паркинг пен қойманың есігін ашып кептірмей ме?»

Ылғал тоқ жүйесіне жетпеген. Әйтпесе соңы қайғылы жағдайға ұласып кетуі әбден мүмкін еді, - дейді мұңын шаққан жұрт. Көпшілік мүлік иелері кооперативінің жұмысына көңілдері толмайтындарын да айтып қалды. Осы болған жағдайдың барлығына жауапты мекеме кінәлі дейді олар. 

НЕСІБЕЛІ НҰРМАҒАНБЕТОВА, БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ «Маған түскен ақша ЖЭК ақшасы ғана. Ал күрделі жөндеуге ақша жетпейді. Өте үлкен қаражат керек. Ең бірінші проблема АТФ. Соны жөндеп тапсырса, кейбір насостар істемейді. Бір үйде үш резервуар болса, екеуі істен шыққан. Асты тесілген. Соны жөндеп тапсырса, қабылдап алуға дайынбыз. Төбені жөндеп, ауыз су насосын жөндесін».

Қазір мұндағы мүлік иелері бірлестігі мен мердігер компания өзара соттасып жатыр. Ал тұрғындар, өздері қаражат жинап, ақауларды жою үшін сан мәрте жұмысшыларды жалдап, әрекет еткен. Сот шешімі шықпаса аталмыш үйдегі мәселе осылай жалғаса бермек.