Ақтаудағы 4 шағынауданға қызмет көрсететін коммуналдық мекеменің қызметкерлері қыркүйек айынан бері жалақы ала алмай жүр. Қалалық әкімдік болса, бар мәселені пәтер иелері кооперативі басшысының ауысуымен байланыстырады.
Балыш Оңғарбекова "ЖЭК-4" қызмет көрсету мекемесінде 15 жылдан бері жұмыс істейді. Бұған дейін еңбекақы бойынша мәселе туындамағанын айтады. Жалақыны кешіктіру осы жылдың қыркүйек айында мекеме басшысы ауысқан кезден басталыпты. Қазір алты баланың анасы несиесін қалай жабарын білмей дал. Отбасының табысы тамақ пен коммуналдық қызметтен ары аспайды. Айта кетейік, пәтер иелері кооперативі 48-ші үйдің 3862 пәтеріне қызмет көрсетеді. Қоқыс шығарып, ауланы тазалаумен айналысады.
Балыш ОҢҒАРБЕКОВА - "ЖЭК-4" МЕКЕМЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ 3 айдан бері ақшамызды ала алмай отырмын. Балаларымыз да істеп жүр. Олар да ала алмай жүр. Балаларымыздың 5 баласы бар. Кредиті бар. Ала алмай жүр. Кредиті қалды енді төленбей.
Базарбай САНДЫБАЕВ - "ЖЭК-4" МЕКЕМЕСІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ 4 мкрда 15-20 адам бар жұмыс жасайтын. Сентябрь айынан бастап айлық жоқ. Күнде келеміз әкімшілк шешу кереккой. бізге алып беру керек. Айдын 10-нан қалдырмай беріп тұру керек. Бастығымыз бар еді ол кетіп қалды. Жұмыстан кетіп қалуға ақысы жоққой негізінде осындай адамдардың бәрін далаға тастап.
Ал, қалалық тұрғын үй инспекциясы мәселеден хабардар. Айтуларынша жақында ғана сайланған коммуналдық кәсіпорын басшысын құзырлы органдар әлі бекіткен жоқ. Яғни, оның жалақы мен салыққа қатысты қаржылық құжаттарға қол қоюға әлі мүмкіндігі жоқ.
Нұраддин КӨШЕРБАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ Бірнеше рет тиісті органдарға құжаттарын тапсырған болатын. Тапсыру барысында кемшіліктер анықталып, толықтыру жөнінде жұмыстар жасалып жатыр. Өткен жетіде де құжаттар тапсырылды. Бүгін соның нәтижесін айту керек. Еегер сол тапсырылған құжаттары Әділет басқармасында дұрыс деп табылған болса онда бүгін бекітіледі. ЖЭК басшысы бекітілген жағдайда банкке барып өзінің атынан электронды кілтін алып, есепшотындағы ақшаларды өздерінің айлық жалақысы бар, салық төлемдері бар, басқа да қарыздары бар сол бағытта жұмыс жасайтын болады.
Осылайша, банктағы несиелерінің төлеу мерзімі кешіктіріліп, жан-жағындағы адамдарға қарызға батқан бұл қызметкерлердің жалақысы қашан берілетіні әзірге белгісіз. Мекеменің жаңа басшысының құжаттары реттелгенше жұмысшыларға амалдай тұруға тура келеді деп отыр.