Ақтау қаласы тұрғындарына жақында болған қайғылы жағдай сабақ болмай тұр. 3-ші шағын аудандағы, 25-ші үйдің тұрғыны қандалаға қарсы улау жұмыстарын жүргіземін деп, көршілерін ауруханадан бір ақ шығарды. Сюжетке назар аударсақ.
Ақтаудағы үйлердің бірінде тағы бір қайғылы оқиға орын ала жаздады. Бір отбасының үш баласы өздерін жәйсіз сезініп, барлығы ауруханаға жеткізілген. Тексеру нәтижесінде олардың уланғаны белгілі болған.
НАЗГҮЛ ҚИСЫҚБАСОВА АҚТАУ ҚАЛАСЫ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ОНКОГЕМАТОЛОГЫ: «Бір үйдің үш баласы түсті. Келген кезде бас айналу, әлсіздік деп шағым айтты. Бірден кезекші реаниматологтармен, кезекші педиатормен балдар қаралды. Екі бала, яғни 8 жастағы және 5 жастағы бала үйіне кетті. Жалпы жағдайлары қанағаттанарлық олардың. Үшіншісі 13 жаста. Оның да қазіргі кездегі жағдайы тұрақты. Емін алып жатыр. Жағдайына байланысты бүгін немесе ертең үйіне шығарамыз».
Аталмыш мекен-жайдағы тұрғындар өткір аммиак иісін байқағанын айтады. Белгілі болғандай көршілері пәтерін улап, өздері кетіп қалған. Улаудың нәтижесі өзгеге кесірін тигізген. Ақтау қаласының бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, төсек-орынның улануын анықтаған. Баспанасын уламақ болған тұрғын пәтердің ішіне үш күкірт құтысын шашып кеткені белгілі болыпты. Пәтер иесі жәндік уын 22-шағын аудандағы базардан сатып алған. Жәндік уы лицензиялануы тиіс. Алайда бұл уларды ел аумағында сатуға рұқсат жоқ.
ӘСИМА ЖАРЫЛҒАСОВА -СЭБ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Фас» деп аталатын препарат даладағы жәндіктерді улауға арналған. Оны тәжірибесі бар, қорғаныс құралдарымен қамтылған арнайы мамандар ғана шаша алады. Оны пәтерде пайдалануға мүлдем болмайды. Күкірт құрамы бар түтін тектес дәрі газ бөледі, жоғары көтеріледі. Түтін ортақ құбыр арқылы түгел көршілерге тарайды. Ешқашан қауіпті уды өз бетінше тұтынуға болмайтынын ескертеміз!»
4 қабатты үйдің тұрғындары зиянды препараттың иісінен үрейленіп қалдық дейді. Олар көршісінің кесірінен түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдық деп отыр. Ең бірінші бауыр еті балаларына алаңдайтындарын айтты.
БЕКСЛАН БАЙҚҰЛОВ ЗАРДАП ШЕГУШІНІҢ ӘКЕСІ: «Иіс болғаннан кейін қызым ауырып бастаған. Құсқым келеді, басым айналды деді. Учасковый, скорый шақырдық. Үйде үш бала, әйелім, папам болды. Кухнядан, ваннадан келген иіс».
МАРИЯШ ИСЕНОВА ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Қанша үй осындай болып жатыр. Көршілер СЭСке ескертуі керек қой. Сонда бәріміз қырыла береміз ба? Жергілікті акимат, СЭС қолға алуы керек. Айдың күннің аманда. Жау даладан емес, көршілерден келді. Бізге көршілер айтқан жоқ, бейхабар отырғанбыз. Жауапсыздығы, әрбір адам жауап беру керек. СЭС-ке айтуы керек. Тарақанның уы емес, қандалаға жасап тұр. Қандаланың уы адамды білдірмей өлтіреді».
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде қайғылы жағдай тіркелген еді. 7-ші шағын аудандағы, 14-ші үйдің тұрғыны қандаладан құтылмақ болып, пәтерінің ішіне улы препаратты шашып кетіп қалған. Салдарынан көршісінің екі баласы көз жұмды. Қазір ол іс бойынша тергеп-тексеру жұмысы жүріп жатыр.