Ақтауда үйін улаймын деп көршісінің екі сәбиін мерт қылған тұрғынға қатысты соттың үкімі жарияланды. Айыпты азамат 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот отырысына жәбірленуші тарап онлайн қатысты. Олар үкіммен толық келісетіндерін алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы жағдай өткен жылы қазан айының 21-і тіркелген еді. Қандаладан құтыламын деп үйін белгісіз препаратпен дизенфекция жасап кеткен Жаннат Нұрсейтованың кесірінен төменгі қабатта тұратын көршісінің қос сәбиі уланып, ақыр соңында көз жұмды. Біреуі 10 айлық болса, екіншісі екі жарым жаста болған еді. Қалған бүтін бір отбасының 5 мүшесі ауруханадан бір ақ шықты. Бүгін сол іске қатысты соттың үкімі шықты. Сот отырысына айыпталушы Жаннат Нұрсейтованың қорғаушысы мен жақындары қатысты. Ал, қайтыс болған балалардың әкесі Жанболат Кемелденов онлайн форматта сот үкімін тыңдады.
Айыпталушы Жаннат Шынжырбайқызы кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші тараптың да кешірімін алған. Оның қылмысы сараптама қорытындысымен, айғақ заттармен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденген.
ЖАНБОЛАТ КЕМЕЛДЕНОВ – ЖӘБІРЛЕНУШІ «Бүгінгі айдың 18-гі сот шешімі мені қанағаттандырды- Ешқандай арыз-шағым жоқ».
Істі болған Жаннат Нұрсейтова ҚР ҚК-нің 304-ші бабы, 3-ші бөлігімен кінәлі деп танылды. Ол 5 жыл мерзімдік жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейтін болады. Үй қамақ үкімі заңды күшін жойды.